«Қазақстан жаңғыруының жаңа кезеңі»: Шығыста экология, климат және аграрлық саясат талқыланды
Шығыс Қазақстан облысында өткен дөңгелек үстелде «Байтақ» жасылдар партиясы облыстық филиалының өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген «Қазақстан жаңғыруының жаңа кезеңі» атты бағдарламалық сұхбатын талқылап, экология, ауыл шаруашылығы және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелері бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО бойынша «Байтақ» жасылдар партиясы филиалының атқарушы хатшысы Алмаз Жәкішев Президент сұхбатында көтерілген бастамалар нақты іспен жалғасуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» – бір реттік экологиялық акция емес, елдің болашағын айқындайтын ұлттық идеяға айналуы тиіс. Бұл бағыт партияның негізгі ұстанымдарымен толық үндеседі. Сонымен қатар, орта дәліз, энергетика және тұрақты даму мәселелері де талқылаудың өзегіне айналды.
Филиалдың партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Рыспек Қайсенов Президент сұхбатында 2025 жылы ел экономикасы мен әлеуметтік салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгені нақты деректермен көрсетілгенін атап өтті. Әсіресе, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика және геологиялық барлау салаларындағы өсімге, агроөнеркәсіп кешенін қаржылай қолдаудың күшеюіне баса мән берілді.
Сондай-ақ, жиында жаңа Салық кодексі, ҚҚС мөлшерлемесінің 16 пайыз деңгейінде сақталуы, туризмді дамыту, тарифтерді өсірмей экономикалық өсімге қол жеткізу мәселелері талқыланды. Президенттің елді цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі бастамалары да қатысушылар тарапынан қолдау тапты.
Ал партияның ШҚО бастауыш ұйымының өкілі Бақытжан Көпжасаров климаттың өзгеруі ауыл шаруашылығына тікелей әсер етіп отырғанын нақты мысалдармен баяндады.
Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар Президент ұсынған реформалар мен бағыттардың уақыт талабына сай екенін атап өтіп, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен климаттық өзгерістерге бейімделу – ел дамуының басты шарттарының бірі деген ортақ пікірге келді. Сонымен қатар, Президент белгілеген реформаларды халыққа кеңінен түсіндіру және оларды іске асыруға белсенді атсалысу – баршаға ортақ міндет екені айтылды.





