ШҚО ТЖД-да «Хит» атты төрт аяқты құтқарушы қызмет етеді
Кинолог пен оның қызметтік иті – ажырамас достар. Олардың еңбегі – аса жауапты әрі ауыр. Кей жағдайда адамдардың өмірі дәл осы кинолог пен иттің кәсіби шеберлігіне, шапшаңдығына әрі тосын жағдайлардағы дұрыс әрекет етуіне тікелей байланысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Константин Ровняков Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар қызметінде он жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, төтенше жағдайлар департаментінде қызмет ету үшін кез келген күшік жарай бермейді. Арнайы «кәсіби жарамдылық» сынақтарынан тек мықтылар ғана өтеді. Иттің физикалық дайындығы да маңызды, себебі кейде таң атқаннан күн батқанға дейін 15-20 шақырым жол жүруге тура келеді.
Константиннің төрт аяқты сенімді серігі – Хит есімді лабрадор-ретривер. Ол биыл тоғыз жасқа толса да, әлі де қызметке толық жарамды. Сертификаттаудан өтіп, іздеу жұмыстарына белсене қатысып жүр. Жасы күшіне әсер еткен жоқ, керісінше тәжірибесі молайған.
Хитпен бірге іздеу жұмыстары орманда, далада, таулы аймақтарда жүргізілді. Сонымен қатар ол көшкіннің алдын алу шараларына, балалармен профилактикалық кездесулерге, рейдтер кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де қатысып келеді.
Өткен көктемде Константин мен Хит тауда адасып кеткен адамды іздеуге шыққан. Қиын жағдайда, тіпті аяқ астында жыландар өрмелеп жүрсе де Хит өз міндетін мінсіз атқарған. Жаз мезгілінде жиі адасатын саңырауқұлақ терушілерді іздеу де – олардың тұрақты жұмысы. Сондай-ақ жеке тұрғын үйде болған газ жарылысы кезінде зардап шеккендерді іздеуге де қатысқан.
Жақында құтқарушылар қатары жаңа «сарбазбен» толықты. Азарт атты бельгиялық төбет сертификаттаудан сәтті өтіп, қазір қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына атсалысып жүр.
Адам мен ит арасындағы осындай сенім мен үйлесім – құтқару қызметінің ең басты кепілі.
