KZ
Өскемен
-14°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, В
509.94 593.88 6.43

Қазақстан түркі елдерімен өзара сауда-саттықты одан әрі күшейтпек

Кеше, 13:00 79 Ержан Әбіш

2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) елдері арасындағы тауар айналымы 10,4 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,9 пайызға артық, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстанның экспорты 17,1 пайызға өсіп, 7,6 млрд АҚШ долларына жетсе, импорт көлемі 2,8 млрд АҚШ долларын құрап, 4,8 млрд АҚШ доллары көлемінде оң сауда сальдосы қалыптасты. Бұл туралы Астана қаласында өткен Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағының 3-ші Бас Ассамблеясында айтылды.

Іс-шара барысында Қазақстанның ТМҰ елдерімен өзара сауда-экономикалық ынтымақтастығы туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев негізгі баяндама жасады. Оның айтуынша, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын экономикалық интеграцияны тереңдету, инвестиция тарту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және логистикалық дәліздерді қалыптастыру үшін стратегиялық алаң ретінде қарастырады.

«Түркі аймағы бүгінде айтарлықтай экономикалық әлеуетке ие. Біздің ортақ міндетіміз – тұрақты қосылған құн тізбегін қалыптастырып, бизнес үшін жаңа өсу нүктелерін құру арқылы осы әлеуетті толық ашу», – деді вице-министр.

Асан Дарбаев өз сөзінде өзара сауда көлемінің тұрақты өсімі экономикалық ынтымақтастықтың сұранысқа ие екенін көрсететінін атап өтті. 
Экспорттың артуы мыс пен мыс катодтары, шикі мұнай, бидай, мұнай өнімдері, күнбағыс майы, сондай-ақ металлургия және агроөнеркәсіп кешені өнімдерін жеткізудің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Бұл тек шикізат экспортының сақталғанын ғана емес, сонымен қатар қосылған құны жоғары тауарлар номенклатурасының біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді.

Жиын барысында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына да ерекше назар аударылды. Ел Дүниежүзілік Банктің Doing Business зерттеуі мен Business Ready 2025 рейтингін қоса алғанда, бизнесті жүргізудің халықаралық рейтингтерінде тұрақты түрде жоғары орындардан көрінуде.

Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай экономиканы екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында Үкімет тікелей шетелдік инвестиция көлемін кемінде 150 млрд АҚШ долларына жеткізуді, сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестиция үлесін ЖІӨ-нің 23 пайызына дейін ұлғайтуды көздеп отыр.

Осы мақсатта елде инвестицияны қолдаудың кешенді жүйесі қалыптастырылуда. 2030 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы қабылданып, қосылған құны жоғары, бәсекеге қабілетті өндірістерді дамытуға басымдық берілуде. Инвесторларға қаржылай және қаржылай емес мемлекеттік қолдау тетіктері ұсынылады.

Асан Дарбаевтың айтуынша, Қазақстан ТМҰ аясындағы бастамалардың белсенді қатысушысы болып табылады. Ел Түркі инвестициялық қорының қызметін қолдай отырып, іскерлік ахуалды жақсарту, сауда кедергілерін азайту, көлік-логистикалық байланыстарды дамыту, сондай-ақ цифрлық және сауда платформаларын іске қосу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде ілгерілетіп келеді.

Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағы 2023 жылы Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының негізінде құрылған. Одақ құрамына Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Венгрия мен Түрікменстан бақылаушы мәртебесіне ие. 2025 жылы Одаққа Әзірбайжан төрағалық етті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу