KZ
Өскемен
+8°
пасмурно жел 1,4 м/с, ОШ
442.05 474.14 4.74

Президент «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты

19.05.2023, 17:24 258 Оразай Жеңісұлы

Мемлекет басшысы өз сөзінде алғашқы Орталық Азия – Қытай саммиті өте маңызды тарихи оқиға екенін атап өтті.

– Қытай – әлемдегі ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді. Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру біздің көпқырлы серіктeстігімізге тың серпін береді. Қазақстан осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын. Қазіргі таңда елімізде ұлттық экономикамызды әртараптандыру үшін ауқымды әрі жан-жақты реформа жүргізіп жатырмыз. Шетел инвесторларына қолайлы жағдай жасауға және кедергілерді жоюға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Тәуелсіздік жылдарында елімізге 350 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған. Соның 23 миллиард доллардан астамы – Қытайдың еншісінде. Президент Қытаймен инвестиция саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әзір екенін жеткізді.

– Кеше мемлекеттік сапарымның аясында инвестициялық форум өтті. Жиында жалпы құны 22 миллиард доллар болатын бірқатар келісімге қол қойылды. Қазақ тарапы бұл келісімдерді жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын. Географиялық жағдайымызды ескерсек, біздің еліміз аймақтың және тұтас құрлықтың маңызды көлік-логистика дәлізі бола алады. Қазақстан осы аймақтағы елдердің Қытаймен ынтымақтастығын нығайту үшін өзінің экономикалық және логистикалық әлеуетін жұмылдыруға әзір. Осыған орай, Қазақстан достас Қытаймен ынтымақтастықты нығайту үшін өзінің сауда-экономикалық және логистикалық әлеуетін іске қоса алады. Елдеріміздің сауда-саттық көлемі 31 миллиард долларға жетті. Төраға Си Цзиньпинмен бұл көрсеткішті 40 миллиардқа дейін жеткізу жөнінде уағдаластық, – деді Президент.

Ресми шара аяқталғаннан кейін Орталық Азия мен Қытай басшылары Халықаралық конференция орталығының алдында ағаш отырғызу шарасына қатысты.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив