Катонқарағай, Марқакөл, Мақаншы мәртебесін қалпына келтіру ісі қолға алынады
Фото: Мерей Қайнарұлы
Шығыс Қазақстанның шекара шебіндегі елді мекендерінің мәртебесін қалпына келтіру ісі қолға алынады.
Бұл туралы ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында жазылған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Көпшілік талқысына ұсынылған құжатта шекара маңындағы аудандардың әкімшілік-аумақтық маңыздылығын арттыруға басымдық беріледі делінген.
«Тұжырымдамаға сай, өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту және жайластыру жөнінде шаралар қабылданатын болады. Шекара маңындағы аудандардың әкімшілік-аумақтық маңыздылығын арттыруға ерекше назар аударылады. Бұл негізінен Қытаймен шектесетін бұрынғы ауылдық аумақтар – Катонқарағай, Үлкен Нарын, Күршім, Марқакөл, Мақаншының мәртебесін қалпына келтіру мәселелеріне қатысты болады», деп жазылған Ашық НҚА порталында жарияланған құжатта.
Сонымен бірге тұжырымдама жобасында Қытаймен шекаралас аудандардағы халықтың тығыздығы ел бойынша орташа деңгейден төмен екені жазылған.