Риддердегі ЖЭО жөндеуге шамамен 450 адам тартылды
Жылу көзінің уақтылы қосылуын қамтамасыз ету үшін Риддердегі жөндеу жұмыстарына 14 мердігер ұйым жұмылдырылған.
Жөндеу жұмыстары екі ауысымда, қажет болған жағдайда үш ауысым бойы жүргізілуде.
– Мен ЖЭО-да 1983 жылдан бері жұмыс істеп келемін, – деді қазандық цехының ауысым бастығы Николай Коротин.
– Қыс ауыр болды, тоқтаусыз жұмыс істедік, көптеген қызметкерлер жұмыстан шығып кетті. Қазір біз мердігер ұйымдармен бірлесіп жылыту маусымы кезеңінде қаламыз жылусыз қалмас үшін жойылған жабдықтарды қалпына келтіріп жатырмыз.
Мамыр айында нысандағы жабдықтарды бөлшектеу жұмыстары қолға алынды. Жаздың ортасына қарай жаңадан алынған және қалпына келтірілген жабдықтар орнына келтіріле бастады. Жұмыс барысын қоғамдық белсенділер бақылауда.
– Жылыту маусымы ауа температурасы 8 градустан төмен болған кезде басталады. Риддерде бұл – шамамен қыркүйектің аяғы, қазан айының бас кезі. Осы кезде жоспарланған қазандық қондырғылары мен жүйенің қосалқы элементтері дайын болады. Біз күн сайын жағдайға мониторинг жүргіземіз. Жұмыстың жартысы аяқталды, – деді қалалық мәслихат депутаты Константин Хан.
– Алты қазандық пен қосалқы жабдықтар (отын беру, турбиналық цех, бу құбырлары, қоректендіру жабдықтары) жөнделуде, – деп нақтылады «Риддер ЖЭО» АҚ Бас директоры Игорь Михайленко.
– Технологияға сәйкес орташа қысымды үш қазандық өз жұмысын шамамен 20 қыркүйекте бастаса, одан кейін жоғары қысымды қазандықтар кестеге сәйкес қарашаның ортасында іске қосылатын болады. Іске қосу сыртқы температураның төмендеуіне байланысты жүзеге асырылады. Осылайша, қазандықтарды кезең-кезеңімен іске қосу технологиялық процестің ерекшелігі болып табылады.
Сондай-ақ электр қозғалтқыштарын, тірек арматурасын, мазут, багер сорғыларын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
– Бұдан басқа, бүгінгі таңда 25 мың тонна күл шығарылды. Жылыту маусымы басталар алдында күл үйінділерін шығару орындары дайындалды. Сонымен қатар №2 күл үйіндісі бөгетін салу жұмыстары басталды. Көмір беру трактінің жабдығы жөнделді, орнату жүріп жатыр, – деп атап өтті Игорь Михайленко.