KZ
Өскемен
-9°
туман жел 2 м/с, В
523.86 544.34 5.11

ШҚО-ға жұмыс сапарымен МҚІА төрағасы келді

27.09.2023, 21:23 163

ШҚО-ға жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев өңірдің мемлекеттік қызметшілері, белсенді жастары және С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенттерімен кездесті.

Кездесу барысында ол мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен сервистілігін арттыруға бағытталған, мемлекеттік басқаруды жаңғырту бойынша Агенттікпен жүргізіліп жатқан шаралармен таныстырып өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Шаралардың ішінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қашықтан мониторинг жасау негізінде көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік аппаратты цифрландыру және бюрократиядан арылту, оның ішінде мемлекеттік органдардың басшы және атқарушы құрамдарының арақатынасын регламенттеу мәселелері туралы да сөз қозғалды.

Агенттік төрағасы Мемлекет басшымен алға қойылған «Адал азамат» идеясына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру бойынша шараларға ерекше назар аударды. Дархан Жазықбаев өз сөзінде мемлекеттік қызметшілер арасында «Адал азамат» идеалдарын ілгерілету мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңа серпін беретінін де атап өтті.

Ал жастармен ашық әңгіме барысында ол бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке жастарды тарту бойынша Агенттік қызметі, оның ішінде жас таланттарды қолдау шараларына тоқталды.

Ағымдағы жылдың басынан соңғы өзгерістерге сәйкес жақсы GPA көрсеткен (3,33-тен кем емес) жоғары оқу орындарының 50 түлегі аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз қабылданды.

МҚІА төрағасы жастарға Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеудің басталғанын, жобаның жастар арасында жоғары танымалдылығын көрсеткен алдыңғы іріктеу тәжірибесі туралы айтты.

- Біз жастарымыздың бойындағы күш-жігер мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыттасақ деген ниеттеміз. Алда республиканың барлық аймақтарында Өңірлік  жастар кадр резервтері құрылатын болады. Бұл еліміздің жастарына үлкен қолдау болмақ. Сонымен қатар сапалы кадрларды елдің ішінен іріктеп алуға зор мүмкіндік тудырады, - деді Дархан Жазықбаев.

Кездесу соңында Агенттік төрағасы университеттің кітапхана қорына кітаптар табыстады.

Жұмыс сапарының соңында Дархан Жазықбаев Агенттіктің аумақтық департаментіне және Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының қызметкерлерімен кездесіп, Департамент басшылығына мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық бастамаларды өңірлік деңгейде іске асыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу