Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді
Фото: Аяужан Утеулинова
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Алтай» көтерме-тарату орталығының құрылысымен танысты.
Облыс орталығында салынып жатқан аталмыш нысан өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, жеміс-көкөністің бағасын төмендетуге ықпал ететін және өнім нарығын байытатын бірегей кәсіпорын болмақ, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Өңірге жаңа инвестиция тартуға мүмкіндік беретін нысан «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның 49% үлесімен және жеке инвестор – «Нарын-Сауда-ОПТ» ЖШС-ның 51% үлесімен салынып жатыр.
32,8 млрд. теңге жұмсалатын жоба екі кезеңмен жүзеге асады. Бірінші кезең – 2023 жылдың төртінші тоқсаны, екінші кезең – келер жылдың басы.
Айта кетейік, мұндағы өнім сақталатын алаң, шамамен, 20 мың шаршы метрге жуықтайды, жүктеме қуаты – 45 мың тонна.
Үкімет басшысы бұл маңызды әрі қажетті жоба екенін атап өтті.