KZ
Өскемен
+11°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
488.91 532.62 5

Шығыста ұн бағасы өсе ме?

23.10.2023, 16:50 290 Оразай Жеңісұлы

Шығыс өңірінде құрғақшылыққа қарамастан бидай бітік шықты. Енді аймақта нан бағасы да тұрақты болмақ.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі қазан айының басында он үш өңірде ұн мен нан бағасы өсті деген ақпарат таратқан еді. Дәл осы дерек кейбір аймақтарда дүрбелең туғызды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

«Ертіс» ӘКК баспасөз қызметінің өкілдері осы кезеңде ел ішінде астық, ұн және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тасымалы ақсағанын нақтылады. Мәселен, жоспар бойынша 619 мың тонна өнім тасымалдануы тиіс болған. Ал іс жүзінде діттеген орындарға 181,9 мың тонна ғана жеткізілген.

Бір апта бұрын вице-премьер Серік Жұманғарин төрағалық еткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті өңірлерге жеткізудегі баға мен жеделділік мәселесі талқыланды. Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабековтың айтуынша, «Азық-түлік корпорациясы» қорынан бес өңірге  астық жөнелтілген. Соның ішінде Шығыс Қазақстан да бар.

Ұлттық статистика бюросының деректері 10-17 қазан аралығында бидай ұны мен бірінші сұрыпты бидай нанының бағасы өспегенін көрсетіп отыр. Жалпы өңір басшылығы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі саналатын бірінші сұрыпты ұн мен нанның бағасын тежеуге ерекше назар аударып отыр. Мәселен, Шығыс Қазақстанда бірінші сұрыпты ұнның бір келісі – 130 теңге.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сүйенсек, бейінді министрлік, «Азық-түлік корпорациясы» «ҰК» АҚ және ШҚО әкімдігі арасында жасалған үшжақты меморандум бойынша өңірдегі ұн тарту кәсіпорындарына арзандатылған астық беріледі. Тоннасы – 90 мың теңге. Ал кәсіпорындар наубайханаларға бірінші сортты ұнның бір тоннасын 130 мың теңгемен сатады.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазан айында «Азық-түлік корпорациясы» қорынан 834 тонна астық жеткізілген. Яғни біздің өңірге бөлінген арзандатылған астық көлемінің 33 пайызы сатып алынды.

– Астықтың бір келісі 90 теңге, әлеуметтік ұнның бір келісі 130 теңге болғандықтан келесі аптада бірінші сұрыпты ұннан жасалған әлеуметтік нан 90-100 теңгеге сатылады, – деп мәлімдеді облыс әкімдігі.

Бір айта кететіні, бірінші сортты астық пен ұнды алуға қала-аудан әкімдіктері өтінім береді. Ал әкімдіктерге қанша астық керектігі туралы деректі ұн тартушылар мен наубайханалар жинап береді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірдегі астық қоры – 2 504 тонна. Соның 834 тоннасы ұн тарту комбинаттарына жөнелтілген. Сондай-ақ кәсіпорындар наубайханалар мен дүкендерге әлеуметтік ұн бере бастады. Қазірдің өзінде 200 тоннаға жуық бірінші сұрыпты ұн жөнелтілді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив