Өскеменде жаңа балабақша есігін айқара ашты
Бүгін облыс орталығында тағы бір балабақша ел игілігіне берілді. “Family island-2” деп аталатын білім ошағы қарқынды дамып келе жатқан шағын ауданда бой көтеріп отыр.
«Park Siti» жаңа мөлтек ауданының тұрғындары бұл бөбекжайдың ашылуын асыға күткен. Бүгінде ондағы тұрғындар саны көбейіп, балабақша мен мектепке деген сұраныс та артып отыр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жаңа мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 2-5 жас аралығындағы 150 бүлдіршін тәрбиеленетін 6 топ болады. Балабақша барлық заманауи талаптарға сай, жиһаздармен және қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.
30-ға жуық маманды жұмыспен қамтыған балабақшада бүлдіршіндер таэквандо, ән және бимен айналыса алады. Сондай-ақ психолог маман жұмыс істейді.
Балабақшаның ашылу салтанатына облыс әкімі Ермек Көшербаев, қала әкімі Жақсылық Омар мен жергілікті тұрғындар да қатысты.