Көктемнің шуағы: Өскеменде нәзік жандыларға ерекше сый жасалды
Өскеменде Халықаралық әйелдер күніне орай «Сүйіктіме гүл» атты мерекелік акция өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еріктілер мен жастар белсенділері қала тұрғындарына 1000 қызғалдақ пен құттықтау хаттарын тарту етті. Акция барысында олар қаланың бірнеше нүктесінде нәзік жандыларға гүл шоқтарын сыйлап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Күтпеген жерден жасалған бұл шағын сый қаланың әр түкпірінде жүрген әйелдер үшін жағымды тосынсый болды. Жұмысқа, оқуға асығып бара жатқандар, аялдамада көлік күтіп тұрған жолаушылар, серуендеп жүрген тұрғындар – барлығы осы игі шараның куәсі атанды.
Қала тұрғындары еріктілерге алғыстарын білдіріп, мұндай жылы лебіздер мерекені ерекше сезінуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Көпшілігі шынайы көңіл мен ізгі тілектер гүлден де бағалы екенін айтты.
Осындай игі бастамалар Өскемен қаласында дәстүрге айналып келеді.
Дамир Омаров





