8 наурыз. Жас ақындардың аруларға арнаған өлеңдері
Фото: pexels.com
8 наурыз – көктемнің шуағымен қатар келетін ерекше мейрам. Бұл күн – аналарымызға, әпке-қарындастарымызға, аруларымызға деген шынайы құрмет пен алғысты білдіретін уақыт. Осыған орай, С.Аманжолов атындағы ШҚ университетінің қабырғасында қалам тербеп жүрген жас ақындарымыздың нәзік жандыларға арнаған жыр-шашуын назарларыңызға ұсынамыз.
ШАТТЫҚ ЖЫРЫ
Мың толғанып қолыма қалам алдым,
Жағалауын шабыттың жағалар кім?!
Шат көңілім салады әуеніне,
Боп жатқан соң мейрамы Аналардың.
Боп жатқанда мейрамы жеңгелердің,
Жауһазындай жеңгеме тең келер кім.
Болмағанда жеңгемдей асыл адам,
Жаны жайсаң ағама өң берер кім?!
Келіп жетті мейрамы қарындастың,
Аман жүрсін тайдырмай бағын бастың.
Қарындастың қанық боп көңіліне,
Жасын жырдың жайынан жаңылмаспын.
Қыстың кетіп бораны, ызғарлары,
Табиғат та жылуын қызға арнады.
Құтты боп мерекесі арулардың,
Әйелдердің солмасын қызғалдағы!
Бекарыс Энгельсұлы
ІІ-курс студенті.
АНАЛАРҒА
Құтты болсын келіп жеткен мереке!
Ана деген таусылмайтын береке.
Құрметтейміз қадірлейміз Сіздерді,
Бас иеміз құшағы кең жүрекке.
Алғыс көп айтар болсақ Аналарға,
Түн ұйқысын төрт бөлген балаларға.
«Қайда екен?!» деп уайымдайтын қашан да,
Бұдан артық ғаламда пана бар ма?!
Аман болсын Аналар күлімдесін,
Бұл өмірден жандары түңілмесін.
Шарықтасын, қалықтасын әрдайым,
Қартайғаны ешқашан білінбесін!
Аман Төлегенов
І-курс студенті
ӘЙЕЛДЕР – ӘЛЕМ АЖАРЫ
Көктем келіп, нұр септі,
Жер Ананы түрлентті.
Бүгінгі күн – ерекше,
Әйел аты құрметті.
Нәзік жандар – асыл бақ,
Мейірімі – тұнған ақ.
Сендер барда дүние,
Жылуын қалай суытпақ?!
Ана – өмір шырағы,
Жарық еткен ұяңды.
Бесігінде тербеткен,
Саған арнап жыр әнді.
Жеңге, сіңлі, әпкелер,
Пейілдері пәк келер.
Күліп жүрші әрдайым,
Шаттық жырын арнайын.
Қыздар – үйдің шырағы,
Шапағат боп тұрады.
Сұлулықпен әлемді,
Гүлдей жайнап құрады.
Мереке құтты болсын,
Береке, бақыт қонсын.
Әрбір күн шаттық сыйлап,
Шуақ боп көңіл толсын!
Назым Абаева
І-курс студенті
ҚАЙРАН АНАМ
Оттай ыстық басылар текті реңі,
Балаға мейіріммен кетті лебі.
Ана деген жанашыр жан емес пе,
Елжірер біз дегенде ет жүрегі.
Ана орны бөлек қой кім үшін де,
Миллион бақ бар жасаған бір ісінде.
Еркелетіп, уатып ұйықтамаған,
Мезгілсіз біз жыласақ түн ішінде.
Айналдың бара-бара сырласыма,
Бар байлықты қияр ем бір басына.
«Біз үшін түн ұйқысын төрт бөлген!» деп,
Мақтанып айтып жүрем құрдасыма.
Ана, сенің расымен жетістігің,
Ұлың шықса шыңырау шың басына.
Бар жанның бағып тұрар қас қабағын,
Тәліммен шырқайтұғын асқар әнін.
Анадан артық сірә жан бар ма екен,
Ұйытқысы болатын баспананың?!
Бала едім, ерке қылық, ерке мүсін,
Ойпырым-ай, балалық шақ келтемісің?!
Асыға тыңдаушы едім бір кездері,
Анамның әлдиімен ертегісін.
Жаратқаннан бақытты шың сұраған,
Жолдарды жортып өткен қу шұбалаң,
Ажары Айдай сұлу, Күндей нұрлы,
Анамыз арамызда жүрсін аман!
Даланың жадыраған жусанында,
Ана иісі бар айналмас қу сағымға.
Мен де осы ақын деген атағымды,
Алғанмын Анашымның құрсағында.
Жоғалар сол бір жанар бір күн елес,
Сағымдай сары күндер дүркіре көш.
Анамыз ардың туын табыс етті,
Енді оның құлауы мүмкін емес.
Әли Ермеков
І-курс студенті
жас айтыскер ақын
ОЛ МӘҢГІ ЖЫР
Не ұстап тұр Әлемді,
Білесің бе жауабын?!
Не дүние жалындап, өшірмейді алауын,
Мына Әлемге мәңгілік пана болып тұратын,
Білесің бе, кім екенін қарауыл?!
Білесің бе, кім Әлемді тербеткен,
Жүректегі дерттің бәрін емдеткен.
Нәубет келсе басына, батыр болып күресіп,
Өз баласын сақтап қалған жендеттен?!
Жер дүниенің, табиғаттың киесі,
Адамзаттың Анасы, барлық күштің иесі,
Оның жаны пәк, таза, ал жүрегі – мейірім.
Әйел деген – махаббаттың жүйесі.
Ол мәңгі ән!
Таусылмайтын жыр-өлең.
Ол жоқ болса, Әлем болар дүрбелең.
Әйел деген ақындардың шабыты,
Әйел муза, ол жоқ болса күн керең!
Әлем сұлу, әйелдердің барымен.
Бәрі одан тұрады ылғи алып дем.
Дүниеде адамдардың өсімі
Көбейеді тек солардың жанымен!
Әйел мықты, сарқылмайды қайраты.
Қорғау үшін бәрін салар жайратып.
Қорғанысты бекіткенде барынша
Дастарқанын жібереді жайнатып.
Ол күрескер.
Еркіндікті қалайды.
Айналаға сақтықпенен қарайды.
Қорқыныштан дүрсілдейді жүрегі,
Тыныш өмір кешкен күнін санайды...
Әйел, ана, бойжеткен қыз, жас сәби.
Мұңы ауыр, зары оның тартса күй.
Бәріне де кінәлі боп шығатын
Нәзік жанды биік көтер, сатпа, сүй.
Иә солай, әйел күшті бәрінен.
Ақылымен, ойыменен, тәнімен.
Бесіктегі тербеткенде сәбиін,
Жер шарын да әлдилейді әнімен.
Бинұр Садақова
ІІ-курс студенті
АНА
Ана деген – жарық сәуле ғаламда,
Мейірімі жетер барлық адамға.
Құшағымен жылу сыйлап өмірге,
Аялайды күндей болып самал да.
Ана деген – сарқылмайтын бұлақтай,
Тіршіліктің нәрін сепкен шуақтай.
Түн ұйқысын төртке бөліп, әлдилеп,
Баласына болар пана, тұрақтай.
Боташым деп құшақ жайған аялы,
Жүрегімде ыстық сөзі қалады.
Сәбиі үшін бәріне де дайын боп,
Қайғы жұтып, сыр білдірмей қалады.
Бас иемін, Ана, саған мың алғыс,
Мәңгі сөнбес махаббатың шын алғыс!
Аман жүрші, жаның жырға жадырап,
Сағынышпен, сыйластықпен күн алғыс!
Томирис Берікқызы
І-курс студенті
РАМАЗАНМЕН ЖЕТКЕН МЕРЕКЕ
Көктем келді, гүлін алып жерге нұр,
Шаттық сыйлап, құшағына толтырды.
Рамазанмен бірге жеткен мейрам бұл,
Берекесін жүректерге қондырды.
Бұл көктемнің ерекше бір сәні бар,
Нұр мен шуақ, мейірімге мәні бар.
Әйел деген – ұрпақ үшін тірегі,
Жан жылуы, жүрек нұры, әні бар.
Ана болып, мейір төгіп жерге кең,
Жұбай болып, адалдықпен ерге сен.
Қыз боп өсіп, ізгілікпен гүлдейді,
Шырай беріп бар Әлемге әр берген.
Рамазанмен бірге келіп, құт қонды,
Мейірім мен шапағатын жұрт көрді.
Әйелдерге ақ тілекті арнайық,
Берекелі болсын өмір сәттері!
Жарқырасын әрбір күні арайлап,
Гүл боп жайнап, бақ боп тұрсын бар аймақ.
«Рамазанның шапағаты жаусын!» деп,
Шын жүрекпен айналама қарайлап...
Махаббат пен шуақтары таусылмай,
Жүрек оты өшпесе екен басылмай.
Әрбір күні осы көктем секілді,
Жарқырасын, жайнап тұрсын жасындай!
Айман Күнтуған
І-курс студенті