Ұлан ауданында 8 наурыз мерекесіне орай салтанатты шара өтті
Ұлан ауданының мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты мереке өтті. Залда аяулы арулар – қамқор аналар мен ақ жаулықты әжелер жиналды. Олардың қоғамның дамуына қосқан үлесі мен ерен еңбегі әрдайым ерекше құрметке лайық.
Мерекелік іс-шара барысында түрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдер марапатталды. Олардың қатарында «Украинка» және «Қайрат» шаруа қожалықтарының сауыншылары, балабақша аспазы, құс фабрикасы мен ветеринарлық қызметтің мамандары, кәсіпкерлер, мәдениет қайраткерлері және ауданның қоғамдық өміріне белсенді атсалысып жүрген арулар бар. Биыл Мемлекет басшысы “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялаған болатын. Бұл жандар өз еңбектерімен адалдық пен жауапкершіліктің, еңбекқорлық пен табандылықтың үлгісін көрсетіп келеді.
Сондай-ақ салтанатты жиында көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Дәметкен Байкенова марапатталды. Ол бұзау күтуші болып жұмыс істеп, өмірін адал еңбекке арнаған. Дәметкен апамызға ауданның дамуына қосқан үлесі үшін арнайы «Алтын кітап» сыйлығы табысталды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Көрермендерге сахналық қойылымдар, әсем би және музыкалық нөмірлер ұсынылды. Шара соңында нәзік жандыларға көктемнің, сұлулық пен мейірімнің символы ретінде қызғалдақ гүлдері тарту етілді.





