KZ
Өскемен
-5°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
496.41 542.77 6.05

Өскеменде 8 наурызға арналған мерекелік концерт өтті

7.03.2025, 19:30 1 171 Әбішев Ержан

«Ертіс концерт» сахнасында Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты кеш өтті. Қаланың шығармашылық ұжымдары вокалдық, аспаптық және хореографиялық қойылымдар дайындап, көрермендерге көктемгі мереке атмосферасын сыйлады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

 

– Құрметті ханымдар! Сіздерді осы көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде сіздерге біздің өміріміздегі маңызды рөлдеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Мұнда әртүрлі сала өкілдері жиналған: әскери қызметкерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, көпбалалы аналар, кәсіпкер әйелдер және басқа да мамандық иелері. Сіздер қоғам дамуына зор үлес қосып келесіздер. Сіздерге мықты денсаулық, сұлулық және қуат тілеймін, – деп құттықтады Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Өңірдің дамуына айтарлықтай үлес қосқан әйелдерге марапаттар мен алғыс хаттар табысталды.

Мемлекеттік марапаттарға ие болғандар:

  • Қазия Мусина – еңбек ардагері, ұзақ жылдар бойы тракторист болып жұмыс істеген. «Құрмет» орденімен марапатталды.
  • Гүлнәзи Баелова – «Өскемен су арнсы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны сорғы қондырғыларының машинисі. III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
  • Татьяна Кузьмина – «Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС маневрлік жұмыстар жүргізушісі. Жалпы еңбек өтілі – 26 жыл. III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
  • Наталья Дорн – №13 орта мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталды.

 

№13 орта мектеп директорының орынбасары Наталья Дорн марапаттың өзіне күтпеген сый болғанын айтты.

– Әрине, марапат алғанда өзіңнің педагог, оқу ісінің меңгерушісі, қала өміріне белсене қатысатын адам ретінде маңызды екеніңді сезінесің. Бүгінгі кеш әйелдерге арналған жылы лебіздер мен қуанышты сәттерге толы болды, – деп бөлісті ол.

Бұл кеш барлық қатысушылар үшін шынайы мереке болды, жүректерге жылу мен ризашылық сезімін сыйлап, қоғамды дамытуға үлес қосып жүрген әйелдердің еңбегі мен жетістіктеріне деген мақтаныш сезімін оятты.

  

 Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Даниил Суворов


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу