«Шығыстың әйелдері барлық салада табысқа жетуде» – облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов (видео)
Бүгін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов түрлі салаларда жетістікке жеткен нәзік жандылармен кездесті. 8 наурыз қарсаңында өткен шарада ол шығысқазақстандық әйелдердің кез келген істі асқан жауапкершілікпен атқарып, оған үйлесім мен сұлулық қоса білетінін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өңірде әйелдер білім беру мен денсаулық сақтау саласынан бастап, ірі бизнес пен өнеркәсіпке дейінгі барлық секторларда белсенді еңбек етуде. Олар зор табысқа жетіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына баға жетпес үлес қосып келеді. Соған қарамастан, «темір ханымдар» мейірімді де қамқор ана, асыл әже, ардақты жар, сенімді дос әрі жанашыр серіктес бола білуде.
Кездесуге білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, өнеркәсіп және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. ШҚО Ана мен бала орталығының бас акушер-гинекологы Ирина Носакова кәсіби шеберлігінің арқасында бассейнде батып кете жаздаған сәбиді құтқарып қалған болатын. Сондай-ақ жиынға қатысқан 88 жастағы тракторшы Қазия Мусина өз әсерлерімен бөлісті. Одан бөлек, кездесуде білім беру саласының ардагері Сәбира Қарыбаева, кәсіпкер Оксана Кучерина, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшілері Зарина Камасова мен Ольга Кузовлева және басқа да әйелдер өз тәжірибелерімен бөлісіп, өңірдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсартудың жолдарын талқылады.
Өңір басшысы жұмысшы мамандықтардың өкілдеріне ерекше көңіл бөлді. Олардың еңбегі кейде көзге көрінбегенімен, аймақ экономикасына қосқан үлестері орасан зор. Осыған байланысты ел Президенті 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған болатын.
Кездесу барысында иппотерапияны, оның ішінде ересектерге арналған бағытын дамыту, перзентханаларды қайта жаңғырту және өңір халқы үшін маңызды басқа да мәселелер талқыланды. Бұл – әйелдердің әрдайым қоғам өміріне бейжай қарамай, жақсы өзгерістерге ұмтылатынын тағы бір дәлелдеді.
Шара соңында облыс әкімі көктемдей көркем аруларға гүл шоқтары мен алғыс хаттар табыстап, мықты денсаулық, зор жетістіктер мен махаббат тіледі.
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Евгений Щетников












