KZ
Өскемен
-8°
снег жел 7 м/с, З
494.84 537.4 5.58

ШҚО-дағы «Ауыл аманаты»: туризм, қайта өңдеу және шағын-орта бизнесті қолдау

Кеше, 20:00 109 Төлеуғазы Жансая

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына болып, «Ауыл Аманаты» бағдарламасының іске асу барысымен жан-жақты танысты. Аталған бағдарлама ауыл халқының өмір сүру деңгейін жүйелі түрде жақсартуға бағытталған. Сапар барысында ол бағдарламаның қатысушы кәсіпкерлерімен кездесіп, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін, сондай-ақ туризм инфрақұрылымын дамытуға, агроөнеркәсіптік секторды жаңғыртуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге арналған жобалардың іске асу барысын бағалады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ералы Тоғжанов «Ауыл Аманаты» бағдарламасындағы негізгі өзгерістер туралы айтып өтті. Егер 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысында бөлінген қаржының 80 %-ы мал шаруашылығын қолдауға бағытталса, 2024 жылы басымдық туризмді, жол бойындағы сервис нысандарын дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге берілді. Оның айтуынша, 2025 жылы да шағын және орта бизнесті, туризм саласындағы бастамаларды және қайта өңдеу жобаларын қолдау басты назарға алынбақ. Мал шаруашылығына берілетін несие шектеулі, тек айрықша сұраныс болған жағдайда даму перспективалары жоғары аудандарда ғана жалпы қаржыландыру көлемінің 10 %-ы жұмсалуы ықтимал.
«Ауыл Аманаты» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында 2024 жылдың күзіне қарай 1 млрд теңге игерілді, ал жылдың соңында бөлінген тағы 1,5 млрд теңге 2025 жыл ішінде перспективалы жобаларға үлестірілмек және жалпы сома мамыр айында игеріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, биылғы жазда қаржыландыру жалғасып, шамамен 3 млрд теңге бөлінбек. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, сұраныс жоғары болғандықтан, бұл қаражаттың өзі барлық ауыл тұрғындарының жобаларын қамтуға жеткіліксіз.
Премьер-Министрінің кеңесшісімен кездесуде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Ауыл Аманаты» бағдарламасының өңірдің дамуы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

— Ауыл – ел тірегі. Сондықтан оның дамуына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл Аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың әл-ауқатын арттыруға серпін берді. Жүзеге асырылған жобалардың статистикасы мен қол жеткізілген нәтижелер ауыл кәсіпкерлерінің қызығушылығын арттырып, бағдарлама аясында жаңа жобалардың санын көбейтуге мүмкіндік береді. Әсіресе, жаңадан құрылған және шекара маңындағы аудандарға ерекше назар аудару қажет. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы жаңа жобаларға жол ашып, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасына оң әсерін тигізіп қана қоймай, ауылдық аймақтардың кешенді дамуына серпін береді. Біз әрбір өтінім мұқият қаралып, бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын қадағалаймыз. Бұл бағдарламаның сәтті жүзеге асуы – біздің ортақ міндетіміз. Ал бөлінген 1,5 млрд теңгені облыс мамыр айына дейін игереді, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
— «Ауыл Аманаты» бағдарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту мақсатында іске асырылуда. Басты міндет – ауылдарды сақтау. Әсіресе, шекара маңындағы аудандардың әл-ауқатын арттыру маңызды. Осы мақсатқа жетуге бірлесіп күш жұмсайық, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Айта кету керек, облыс әкімінің тапсырмасымен Шығыс Қазақстанда әр ауданның әлеуеті жан-жақты бағаланып, географиялық, климаттық және экономикалық ерекшеліктері ескерілген кешенді талдау жүргізілді. Бұл аудандардың даму басымдықтарын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды бастама болып отыр.

— Мен әр аудан бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізуді тапсырдым. «Ауыл Аманаты» аясындағы қаражат табысты болуы ықтимал жобаларға бағытталуы керек. Бұл бағдарламаның тиімділігі мен нәтижелілігін арттыратын нақты қадам болмақ, — деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.

Мәселен, Зайсан ауданында табиғи газдың болуы жылыжай шаруашылығын дамытуға мүмкіндік берсе, су ресурстары форель мен тұқы тұқымдас балықтарды өсіруді дамытуға жағдай жасайды. Осы сияқты, әрбір ауданның «Ауыл Аманаты» бағдарламасына қатысушылары жобаны таңдаған кезде жалпы сұранысты, тұтыну балансын және өнімді өткізу нарығын ескеруі қажет.
«Ертіс» ӘКК» АҚ және ШҚО Кәсіпкерлер палатасының өкілдері өз кезегінде, облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы құрылған жұмыс тобы ауқымды зерттеу жүргізіп, ауыл кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндіктер ашатын бизнес-идеялар тізімін жасағанын хабарлады.
Ералы Тоғжанов Шығыс Қазақстанның дұрыс даму бағытын ұстанып, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық өсімінің оң динамикасын көрсетіп отырғанын атап өтті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу