Облысымызға арнайы жұмыс сапармен келген қытайлық бизнес қауымдастық өкілдері бірқатар бағыттағы жобаларға инвестиция құюға даяр екенін жеткізді.
Бұл туралы шетелдік делегация мен облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов арасындағы кездесу барысында белгілі болды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Дәлірек айтсақ, қытайлық инвесторлардың Шығыс өңірі үшін де өзектілігі жоғары тау-кен өндірісі, экология, құрылыс сияқты салалардағы тәжірибесі мол екен. Мұны қытайлық ірі компанияның басшысы Лю Синхуа да айтты. Бұл компания осыған дейін негізгі қызметі саналатын атом энергетикасын дамытудан бөлек, кен орындарын игеру, қоршаған ортаны қорғау, жол салу, елді мекендерді абаттандыру секілді бағыттардағы көптеген жобаны жүзеге асыруға атсалысқан екен.
– Шығыс Қазақстанға, Өскемен қаласына бірінші рет келіп тұрмыз. Осыдан бір апта бұрын Бейжіңде «Бір белдеу. Бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумы өткенін білесіздер. Сол жиында көптеген саладағы әріптестікті нығайтудың алғышарттары жасалған. Мәселен, біздің компанияның құрылыс, геология, экология, суды тазарту, теміржол салу бағыттарында айтарлықтай тәжірибесі бар. Егер сіздердің тараптарыңыздан қызығушылық болса, онда аталмыш бағыттардағы жобаларыңызға қатысып, білгенімізді үйретуге даярмыз. Байқағаным, сіздердің жерлеріңізде кен орындары, карьерлер көп екен. Сол жерлердегі табиғатты қалпына келтіру мәселесін шешуге көмектесе аламыз. Тұрғын ұй құрылысы мен су тазалау бағыттары бойынша да жұмыс жүргіземіз. Мысалы, пандемия кезінде Камбоджа еліндегі бірқатар өзеннің суын тазарттық, – деп мәлім етті Лю Синхуа мырза.
Бұдан кейін сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов біздің тарап та әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін айтты.
– Біз сіздермен жұмыс жүргізуге әзірміз. Алдағы уақытта Бейжіңге барып, бұл жөнінде жан-жақты келіссөздер жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бізде ірі инвестициялық жоба көп, солармен мұқият танысыңыздар. Жалпы, қазіргі уақытта қолымызда қытайлық бірнеше компанияның ұсынысы бар екенін жеткізгім келеді. Жуықтағы екі ел Президенті арасындағы кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізге шетелдік инвесторларды тарту жағын ширату керектігін айтып, Үкіметке тиісті тапсырмалар берген болатын. Сондықтан сіздермен жұмыс жүргізуге әзірміз. Бұдан қос тараптың да ұтары анық, – деді Н.Сақтағанов.
Айта кетейік, әріптестік мәселелері қаузалған кездесуге облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Елдос Байрахметов пен жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис қатысып, қонақтарды әлеуеті жоғары бағыттардағы бірқатар жобамен таныстырды.