Тоғыз айда 56 адам қызылша жұқтырды – ШҚО
Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері тоғыз ай ішінде 56 адам қызылша жұқтырған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Шолпан Мақашева айтты.
Дәрігер көмегіне жүгінгендердің арасында 49 бала, 1 жасөспірім және 6 ересек адам бар, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Дәл қазір шығыс өңірі ауру жұқтыру көрсеткіші бойынша 18-ші орында тұр. Маманның айтуынша, қызылшаның таралуына екпе ғана тосқауыл болады.
«Мәселен, емханаға жатқан 45 науқастың 43-і вакцина алмаған. Бір қарағанда, аса қауіпті ауру емес секілді көрінгенмен, әлемде сағат сайын 15 мың адам осы қызылшадан көз жұмады. Осыны ұмытпаған жөн», - деді Шолпан Мақашева өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында болған баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, аурудың алғашқы белгілері біліне бастағанда бірден дәрігер шақыру керек.
«Мұрын бітелуі, жөтел, қызу – осының бәрі қызылшаның алғашқы симптомдары. Мұндай жағдайда, көпшіліктен оқшауланып, дәрігер шақыру керек. Жалпы, қызылшаны медицина, білім және сауда саласындағы адамдар, басқа жақтан қоныс аударғандар мен еңбек мигранттары жиі жұқтырады», - деді маман.