KZ
Өскемен
-3°
пасмурно жел 2 м/с, Ю
494.87 520.65 4.91

ШҚО-да қызылшаға байланысты эпидахуал қандай?

шартты сурет

8.04.2023, 10:29 421 Оразай Жеңісұлы

Қазір әлемде қызылша дерті өршіп тұр. Ресми мәлімет бойынша, республикада 107 жағдай тіркелген. Оның  12-сі Түркия, Мысыр, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен келген азаматтардан анықталған. Ал облыста қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай қалыпты болғанымен, инфекцияны елдің басқа аймақтарынан, шетелдерден тасымалдау қаупі бар.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Мадина Мырзабекова қызылша ауруы, оның таралу қаупі, вакцинациялау және басқа да мәселелер туралы журналистерге егжей-тегжейлі әңгімелеп берді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.  

Айтуынша, қызылшаның соңғы жағдайлары облыста 2020 жылы тіркеліпті. Сол жылы облыста 59 адам қызылшамен ауырған болса, оның 29-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Ал 2021-2022 жылдары облыста қызылша ауруы тіркелмеген. 2023 жылдың 31 наурызындағы жағдай  бойынша да әзірге облыста қызылшаға күдікпен және расталған жағдай тіркелмеген екен.

Қызылша – адамдарға ауа тамшылары арқылы таралатын жедел жұқпалы вирустық ауру. Қызылша қоздырғышы – РНҚ вирусы. Жұқпа көзі – науқас адам, ол бөртпе пайда болғанға дейін орта есеппен 5-6 күн бұрын және бөртпе пайда болғаннан кейін 4 күнге дейін басқаларға қауіпті. Орташа алғанда, жұқпалы кезеңнің жалпы ұзақтығы – 8-10 күн. Вирус науқастан сау адамға жөтелу, түшкіру, сөйлесу, жақын жеке байланыстар арқылы беріледі. Қызылша ауруы негізінен осы инфекцияға қарсы екпе алмаған балалар мен ересектер арасында тіркелетін көрінеді.

Сыртқы ортада  вирус өзінің белсенділігі мен жұқпалылығын 2 сағат бойы сақтай алады. Қызылша вирусы адам ағзасына тыныс алу жолдары арқылы қанға еніп, қанмен ағзаға таралады.

Қызылша ауруы асқынса пневмония, менингит, менингоэнцефалит, полиневрит дертіне ұласуы мүмкін.

Сәуле Есенгелдіқызы қызылшадан сақтанудың жолы вакцина екенін ерекше атап айтты. Әлемде қызылшаға қарсы жаппай екпе егу енгізілгенге дейін жыл сайын бұл аурудан 2,6 миллионнан астам адам қайтыс болып отырыпты.

Біздің елде Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы балаларға 1 жасында ҚКП вакцинасы (қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцина) егіледі, дәл осы вакцина 6 жастағы балаларға қайтара салынады.

Қызылшаға қарсы екпе алмаған және осы аурумен ауырмаған адамдардың иммунитеті қалыптаспайды.

Соңғы 3 жылда облыс бойынша қызылшаға қарсы вакцина салу 90-97,7-100% және тиісінше ревакцинациямен қамту 91,9-95,3-101% болды.

Десе де қызылшаға қарсы екпе алудан бас тартып отырғандар да бар екен. Мысалы, өткен жылы екпеден және ревакцинациядан 58  ата-ана бас тартыпты. Бас тарту себебі жеке ұстаным және вакцинаға сенімсіздік. Осы жылдың екі айында облыс бойынша бас тартқандар 8 адамға көбейген. 

– Облыстағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының медициналық қызметкерлері соңғы 17 жыл бойы қызылша індетіне қарсы иммундау ісіне мониторинг жүргізеді. Бүгінде облыс бойынша қызылша індетіне қарсы екпе алмағандардың саны – 1268 адам, оның ішінде екпе алудан бас тартқандардың саны – 1218 адам екендігі анықталып отыр, – деген Сәуле Слямғазина аталған індеттің алдын алудың ең тиімді жолы қызылшаға қарсы екпе алу екенін тағы да еске салды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу