Қазақстанда Ұлттық тестілеу орталығы қайта құрылады
фото: el.kz
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын қайта құру туралы бұйрық дайындады, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
«ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Ұлттық тестілеу орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны заңнамада белгіленген тәртіппен жарғылық капиталына мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Ұлттық тестілеу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта құрылсын», - делінген құжатта.
Кәсіпорынның негізгі міндеті - бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру саласындағы қызмет болып айқындалды.
Министрлікте түсіндіргендей, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік заңды тұлғалардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңның әзірленген жобасы шеңберінде қазыналық кәсіпорындар сияқты заңды тұлға нысаны заңнамадан шығарылады деп күтілуде.
Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі қазыналық кәсіпорындарды мемлекеттік мекемелерге айналдыруды ұсынады.
«Сонымен қатар, заңды тұлғаның бұл нысаны Орталық үшін қолайсыз және білім беру саласындағы әлеуметтік маңызды міндеттерді орындау үшін кедергілер туғызады. "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңның 160-бабының 1-тармағына сәйкес, егер қосымша қаржыландыру көзі ҚР заңдарында белгіленбесе, мемлекеттік мекеменің қызметін тиісті саланың уәкілетті органы бюджеттен қаржыландырады», - деп мәлімдеді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.