Қазақстанда жұмыртқа мен құс етінің тапшылығы бола ма?
фото: inbusiness.kz
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 16 қаңтарда Үкіметте өткен брифингте қазақстандықтарға жұмыртқа мен құс етінің бағасындағы өзгерістер жайлы айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі Zakon.kz. сілтеме жасай отырып.
Арман Шаққалиев елімізде жұмыртқа бағасы өскенін айтты.
"Рас, жұмыртқа бағасының өсу динамикасы болды, оны жасырмаймыз. Шамамен 2,5% өсті. Бірақ ол мезгілге байланысты, қыста тұтыну көрсеткіші ұлғаяды. Тиісінше, бағасы да өседі. Ал жазда керісінше, төмендейді. Баға ауытқулары айтарлықтай, 30-40% дейін төмендейді. Қауіпсіздікке келетін болсақ, біз өзімізді толықтай қамтамасыз етеміз, отандық өніміміздің Ресей Федерациясына ағылуына байланысты ешқандай проблема жоқ", – деді Арман Шаққалиев.
Басқа елдерден жұмыртқа сатып алуға бағытталған шаралар.
«Ішкі нарықта өнімнің тапшылығына байланысты қауіп жоқ. Бұл жағдай үнемі бақылауда. Бізде жұмыртқа тапшылығы болмайды. Ең бастысы – бағаны тұрақты ұстау. Ал құс етіне келетін болсақ, бізде импортқа тәуелділік бар, бірақ біздің нарыққа келетін өнімдер әртараптандырылған. Мәселен, егер импорттың бір бағыты қысқарса, онда біз импортты басқа бағыттармен алмастыруға мүмкіндігіміз бар. Сондықтан дүкен сөрелерінде жұмыртқа мен құс етіне тапшылық болмайды деп сенімді түрде айта аламыз», – деп түйіндеді Сауда министрі.
Айжанат Бақытқызы