Шалғайдағы Біржан ауылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылды
Сурет: "Қазақтелеком"АҚ
Зайсан ауданындағы Біржан ауылының тұрғындары жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді.
Зайсан ауданындағы Біржан ауылы аудан орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан, елді мекенде 200-ден астам отбасы тұрады. Таулы өңірдегі ауылға талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту, төсеу экономикалық тұрғыдан тиімді болмағандықтан, ауылға интернет Wi-Fi-радиокөпір технологиясымен тартылған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Ауылдағы интернет жылдамдығы жоғары, ал байланыс тұрақты болуы үшін «Қазақтелеком» мамандары антенна-діңгек құрылысына «радиокөпір» және жаңа заманауи жабдықтар орнатқан. Wi-Fi радиостанциясы оптикалық желіге ұқсас сигналдың жоғары сапасын сақтай отырып, ақпаратты 5 шақырымға дейін жеткізу мүмкіндігіне ие. Сигнал оптикалық желіге қосылу нүктесінен таратқыш арқылы беріліп, одан әрі ауыл тұрғындарының үйлерінде орнатылған маршрутизаторларға түседі. Осылайша, цифрлық телевизия мен интернетке қолжетімділік Біржан ауылының әрбір үйінде пайда болды.
Жергілікті ауылдық әкімдіктің өкілі Қарлығаш Дүзбаева – интернетке қосылған ауылдың алғашқы тұрғындарының бірі.
Биыл «Қазақтелеком» Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Абай облысындағы он ауылда осындай wi-fi-радикөпірін орнатуды жоспарлап отыр.
Жанаргүл Мұқатай