ШҚО: шаруалар көктемгі егіс жұмыстарына дайын ба?
Фото: egemen.kz
Шығысқазақстандық шаруа қожалықтары көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты бастап кеткен көрінеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, көктемгі дала жұмыстарына тракторлар, жер өңдейтін жабдықтар және басқа да техникалар жеткілікті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
- Қазіргі күні техникалардың дайындығы 80%-ды құрап отыр. Шаруаларды егіс жүргізу мақсатында арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету үшін өтінім қабылдау жұмыстары да жалғасуда. Бүгінгі таңда басқармаға 7,1 мың тонна жанар-жағармайға өтінім келіп түсті, - деп атап өтті ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының міндетін атқарушы Ажар Қаджыбекова.
Айта кету керек, үстіміздегі жылы облыстық бюджет қаражатынан көктемгі егіс жұмыстарын табысты жүргізу үшін 4,1 млрд теңге субсидия қарастырылған.
- Тұқым шаруышылығы үшін - 1,121 млрд теңге, минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға - 1,651 млрд теңге және суармалы суды жеткізу бойынша қызметтердің құнын субсидиялау үшін – 16 млн теңге бөлініп отыр, - делінген басқарманың мәліметінде.
Оқи отырыңыз