KZ
Өскемен
-13°
небольшая облачность жел 1,1 м/с, В
498.55 524.28 4.75

Төсқайың ауылына жол 12 күннен кейін ашылды

24.01.2024, 22:00 162 Қызырбек Дүргінбайұлы

Марқакөл ауданы мамық қарға оранып жатыр. Өйткені бес жарым күн бойы тоқтаусыз қар жауған. Төсқайыңға апарар жолдағы қардың қалыңдығы 2 метр шамасында.

 

Қалың қардың құрсауында қалған ауылдың жолы 12 күннен кейін ашылған. Оқуға бара алмай қамалып жатқан студенттер мен азық-түлік әкелуге шыққан тұрғындар күні кеше қалаға қарай жол тартты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Төсқайыңға барар жолдың көп бөлігі бір бағытта ғана. Сондықтан да алдыңнан қарсы шыққан көлікке жол беріп отыруың керек. Сол үшін жол тазалаушылар әр жерден көлік тұрағын шығарып кеткен. Біз бара жатқанда жол тазалушылар түнімен жұмыс істеп жүрді. Ал қайтқанда жолды екі қатар қылып аша күрей бастады. Ауыл 12 күн бойы қар құрсауында жатса да азық-түлік тапшылығы болмаған. Өйткені бұл жақтың халқы азық-түлікті бір барғанда молынан әкеліп алады екен.

 

- Төсқайың ауылында 68 отбасы бар. Ауыл ішінде 2 дүкен жұмыс істеп тұр. Мен соңғы күндері бір барғанымда ешкімнің келіп дүкеннен ұн алмағанын сұрап білдім. Өйткені бізде азық-түлікті молынан әкеліп алады. Ал жол жабықта оқуға бара алмай қамалып қалған студенттерге анықтама жазып бердік. Бұдан өзге Ұранхай ауылында шетелдік бір турист бірнеше күн жол жоқ, қамалып жатып, ол да жол ашыла аттанды, - дейді Төсқайың ауылдық округының әкімі Алиджан Беткенбаев.

 

Иә, 530 шақырым алыстағы ауылда тұратын халық қыстың қамын артығымен жасап алуы заңдылық. Жұрт тек қатал қыс биыл малға қауіп төндіріп тұрғандығына алаңдаулы екен.

 

- Азық-түлік тапшылығына тап болдық деп айта алмаймыз.  Бір барғанда молынан әкеліп аламыз. Гуманитарлық көмек ретінде келген азық-түлікті таратып беріп жатырмыз, - дейді ауыл тұрғыны Ғания Теміржанқызы.
 


 

 Фото: Данияр Сағидолдин

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу