Қазақстанда жыл сайын 40 мыңға жуық адам обырға шалдығады
instagram/vkood_uzvko
4 ақпан - обырға қарсы күрес күні
Жыл сайын 4 ақпанда Халықаралық обырға қарсы күрес одағының (UICC) бастамасымен Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні атап өтіледі, деп хабарлайды Altainews.kz сайт.
Мақсаты - халықтың онкологиялық аурулардың профилактикасы және ерте анықтау туралы хабардар болуын арттыру, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, қолжетімді скринингтік тексерулер туралы хабардар ету.
Денсаулық сақтау министрлігі ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 40 мыңға жуық адам обырға шалдығады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша онкологиялық есепте 218 мың қазақстандық тұр, онкологиядан 12 мыңнан астам адам қайтыс болды.
Ал ШҚО-да онкология дерті бойынша 14 мыңнан астам науқас есепте тұр, биыл 2500 жаңа жағдай тіркелген.
Қазіргі уақытта Қазақстан халқы үшін онкологиялық скринингтің 3 түрі тегін жүргізіледі, олар емханаларда қолжетімді:
- сүт безі обырына скрининг (40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, 2 жылда 1 рет)
- жатыр мойны обырына скрининг (30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, 4 жылда 1 рет)
- колоректалдық обырға скрининг (ерлер мен әйелдер 50 жастан 70 жасқа дейін, 2 жылда 1 рет).
2024 жылы Қазақстанда жатыр мойны обырының даму себебі болып табылатын адам папилломавирусына (HPV) қарсы ерікті вакцинациялау басталғанын естеріңізге сала кетейік. 11 жастағы қыздар тегін вакцинация ала алады.