«Торпедо» тағы жеңіліп қалды
Фото: "Торпедо" ХК сайты
«Ақтөбе» мен «Торпедо» арасындағы ширекфиналдық серияның есебі 3:0-ге жетті. Енді ақтөбелік командаға жартылай финалға шығу үшін тағы бір жеңіске жетсе жеткілікті.
2023-24 жылдарғы 1хBet Pro hokei Ligasy плей-офф кезеңінің ширек финалы аясындағы қарсыластар арасындағы үшінші ойын Ақтөбе қаласында өткенін айту керек. Және бұл ойында айдын иелері сенімді жеңіске жете білді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Матчтың алғашқы минуттарынан қарсылас қақпасына лап қойған ақтөбеліктер жеңіс үшін аянып қалмайтындарын аңғартты. Ал, «торпедолықтар» болса, қарымта шабуылдарға иек артты. Сондай шабуылдардың бірінде «Торпедо» шабуылшысы Саян Данияр көзге түсіп, командасын алға шығарды. Өкінішке қарай, бұл шайба онысыз да қаһарына мініп тұрған айдын иелерін одан сайын ызаландырғандай болды. Бірінен соң бірін шабуыл ұйымдастырған ақтөбеліктер алғашқы үзіліске дейін таразы басын теңестіріп қоймай, екі шайба айырмасымен алға шықты.
Екінші жиырмаминуттықта командалар қарсылас қақпасынан бір-бір реттен саңылау тауып, екінші үзіліске 4:2 есебімен тарқасты.
Ал үшінші кезеңде «Торпедо» ойыншылары қанша тырысқанымен торда шайба тулата алмады. Есесіне, «Ақтөбе» ойыншылары тағы екі мәрте көзге түсіп, ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп 6:2.
Осылайша, қарсыластар арасындағы серияның есебі 3:0-ге жетті. Бүгін кешке «Ақтөбе» мен «Торпедо» жұбы төртінші матчын өткізеді. Жоғарыда жазғанымыздай, айдын иелеріне енді бір жеңіске жетсе жеткілікті болады. Ал «торпедолықтарға» шегінерге жер жоқ. Жарысты ерте аяқтағысы келмесе, біздің командағы бұл ойында қайтсе де жеңіске жету керек.