Емделу үшін басқа елді мекенге баруға мәжбүр – Премьер-министр
сурет: primeminister.kz
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауылдық аумақтарды дамыту мәселесі қаралды.
Үкімет басшысы әр ауыл тұрғыны тұрмыстық ахуалдың жақсарғанын қалайтынын айтты. Сондықтан әкімдіктерге ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту бойынша міндеттер қойды, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Ол үшін біз қала мен ауылдың тұрмыс деңгейіндегі алшақтықты біртіндеп қысқартып келеміз. Мұндағы негізгі фактор – қолжетімді қызметтер, яғни сапалы жол, медицина мен білім беру сияқты ауыл халқының жайлы тұрмысына қажетті игіліктердің болуы. Мектептер мен медициналық мекемелер – ауылдағы ең маңызды объектілер. Оларға айрықша назар қажет», - деді Олжас Бектенов.
Мектептердің апатты жағдайда болуынан, денсаулық сақтау мекемелерінің жарамсыздығынан кейбір ауылдар тұрғындары медициналық қызмет және білім алу үшін басқа елді мекендерге баруға мәжбүр болып отыр.
«Ауылдарда ауыз су мен жолдардың сапасына, электр қуаты мен ұялы байланыстың жағдайына және Интернеттің қолжетімді болуына қатысты мыңдаған шағым келіп түседі. Мұның барлығы ауыл тұрғындарының жаппай көшіп кетуіне себепші болады. Сондықтан әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әсіресе шекара маңындағы аумақтардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын күшейту керек», - деді Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз