ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен ШҚО-ға келіп қайтты
Р Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарына жұмыс сапарымен барды, онда ел өңірлеріне сапарлар аясында берілген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының іске асырылу барысын тексерді.
Шығыс Қазақстан облысында Асқар Мамин «Өскемен – Талдықорған» автожолын салу жобасын іске асыру барысын қарады. Биыл 265 шақырым жолда қозғалысты ашу көзделген. Жалпы, ұзындығы 763 шақырым болатын жол 2020 жылы пайдалануға толықтай беріледі. Бұнымен қоса, «Қалбатау – Майқапшағай» трассасында реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр, онда жыл соңына қарай 135 шақырым автожол пайдалануға беріледі.
Алакөл көлінің жағалауының шығыс бөлігінде соңғы екі жылда 5,3 млрд теңгеге ауқымды жұмыстар жүргізілген. Жағалауды дамыту жұмыстары жалғасуда, жағалау жиегіндегі адамдар серуендейтін жол кеңейтілді. Биыл 31 млрд-тан астам теңгеге 8 ірі инфрақұрылымдық нысанды іске асыруды бастау көзделген: 250 орынға арналған «Керуен Плаза» қонақ үйі, емдеу-сауықтыру кешені, велосипед пен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынады, парк кеңейтіледі және т.б. Биыл шығыс жағалауға 650 мың турист келеді.