Самар ауданында мектеп ауласын су басқан жоқ
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде су тасқынына байланысты жалған ақпарат жиі кездеседі. Мәселен, бүгін Самар ауданының Бастаушы ауылындағы Абай атындағы мектептің ауласын су басты деген хабар тарады. Бұл мағлұмат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Самар ауданы әкімдігінің мәлімдеуінше, елді мекендердегі жағдай тұрақты, үйлерді немесе басқа да әлеуметтік нысандарды су басқан жоқ.
«Бастаушы ауылындағы мектептің ауласын су басқан жоқ. Арық толып кеткендіктен қарғын су білім мекемесінің артында орналасқан стадионға жиналып қалған. Қазір суды бұру жұмыстары жүргізілуде. Жағдай бақылауда. Мектептің өзіне немесе аумағына қауіп төніп тұрған жоқ», - деп мәлімдеді аудан әкімдігі.
Естеріңізге сала кетейік, біз бұған дейін жалған ақпарат таратқандарға жаза қатаң екенін хабарладық. Су тасқынына қатысты мәліметтерді тек ресми дереккөздерден алған жөн.
Оқи отырыңыз