Су тасқыны: Залалсыздандыру жұмыстары басталды
фото: adm-tavda.ru
Ақтөбе облысында инфекцияның таралуына жол бермеу үшін су басқан аумақты жаппай залалсыздандыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Informburo.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл жұмысқа радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс бөлімшелерінің қызметкерлері жұмылдырылған. Әскерилер тасқын шайған бес мыңнан астам гектар жерді дезинфекцияламақ.
Қазір су тартылған жерлерге 16 техникамен препарат сеуіліп жатыр. Арнайы қоспаның адамның денсаулығы мен малға еш зияны жоқ. Мамандар зират пен кәріз құдықтарының аумағын да залалсыздандырды.
Айта кетейік, өңірде қызыл судың кесірінен өлген малдың өлекселері толық өртелді.
«Жұқпалы ауруларды, оның ішінде ішек аурулары бірінші кезекте. Соларды жұқтыруы мүмкін. Аурулардың таралуын алдын алу мақсатында осы су тасқынынан кейінгі шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласы бойынша сумен жабдықтау объектілері біздің қадағалауымызда екенін айтып өткім келеді. Су тасқыны кезінде бұл объектілердің су көздерін су басқан жоқ», – деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Назима Сербаева.