KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 2 м/с, В
480.55 533.75 5.36

Су тасқыны: Мал азығы таусылса, қайда хабарласу қажет?

фото: gov.kz

2.04.2024, 17:26 143 Оразай Жеңісұлы

Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб шеңберінде ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы бірқатар жұмыс жүргізілуде. Мәселен, су басқан орындардан айдалған мал басына азық жетіспеген жағдайда, фермерлер төлемді кейінге қалдыра отырып қажетті жем-шөпті ала алады. Ол үшін облыстық штабқа хабарласу қажет, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрінің мал шаруашылығы және ветеринария мәселелері жөніндегі орынбасары ведомствоның және оның аумақтық бөлімшелері мен облыстар әкімдіктерінің іс-қимылдарын үйлестіру жөніндегі тікелей тұлға ретінде бекітілді. Сондай-ақ министрлік комитеттерінің аумақтық бөлімшелерінің басшылары облыстық штабтардың құрамына енгізілгенін айта кетейік.

Бүгінге су басқан өңірлердегі мал өлімінің алдын алу мақсатында малды қауіпсіз жайылым орындарына көшіру жұмыстары ұйымдастырылды. Жедел деректер бойынша, шамамен, 30 мың бас мал қауіпсіз жерге айдалды.

Сонымен қатар қауіп-қатердің әлі де сейілмей отырғанына және су тасқынының болжамды екінші толқынына байланысты жергілікті атқарушы органдар халықты ақпараттандыру және қауіпті жерлерден малды алдын ала айдап әкету бойынша жұмыстарды жүргізуде.

Өкінішке қарай, су тасқынына байланысты мал шығынынан құтылу мүмкін болмай отыр. Сондықтан қазір өлген мал саны есептеліп, деректер нақтылануда.

Эпидемиологиялық қауіп-қатерді азайту үшін өңірлерде «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ мамандары жұмыс істеп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымының балансында техника, дезинфекциялау құралдары, отын қоры, сондай-ақ өлген мал өлекселерін жоятын инсинераторлар бар. Су тартылғаннан кейін Министрліктің эпизоотияға қарсы отряды облыстар әкімдіктерімен бірлесіп өлген жануарларды жинап, жоюға кіріседі.

ҚР АШМ қызметкерлері өздерінің тікелей міндеттерін орындаумен қатар, су тасқынына қарсы күрес және олардың зардаптарын жою жұмыстарына жұмылдырылған.

Су тасқыны салдарынан ТЖ режимі кезінде мал өлген жағдайда өтемақы жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ басқа да қаржы көздерінен төленетін болады.

Су басқан орындардан айдалған мал басына азық жетіспеген жағдайда, «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ фермерлердің өтінімдері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру шартымен малға азық жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндігі бар. Ол үшін облыстық штабқа хабарласу қажет. Шығыс Қазақстан облысындағы штабтың нөмірі: 7232 57-00-29, 57-00-35.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив