Жоғары білім министрінің кеңесшісі түлектермен кездесті – ШҚО (видео)
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев Шығыс өңірінде мектеп бітіруші түлектермен кездесті.
Кездесуде ведомство өкілі жоғары білім, еңбек нарығындағы тенденциялар және алдағы ҰБТ-ның негізгі аспектілеріне тоқталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұйымдастыруымен биыл екінші рет өткізіліп отырған «Менің таңдауым» атты кәсіби бағдарлау шарасына облыстың 8 ауданы мен қала мектептерінен 750 талапкер қатысты.
Кездесу барысында биылғы түлектер таңдайтын бейінді пәндері, болашақ мамандықтары және ҰБТ форматы бойынша құнды ақпарат алды.
«Мен туризм мамандығын таңдадым. Себебі, Шығыста, жалпы елімізде туризм саласының әлеуеті жоғары. Өзім өңірдегі киелі жерлердің бірі – Ақбауыр жайлы жоба қорғаған едім. Соның нәтижесінде С.Аманжолов университетінің грантын жеңіп алғаныма қуаныштымын, университет басшылығына алғысым шексіз», - дейді Өскемен қаласындағы №35 мектептің 11-сынып оқушысы Дильназ Бақытбекова.
Шара аясында пәндік олимпиадалар жеңімпаздарына, «Алтын белгі» иегерлеріне және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да тегін білім алуға грант сертификаттары тапсырылды.
Айта кетсек, осы жылы түлектерге грантқа түсу үшін екі рет мүмкіндік беріледі. Негізгі ҰБТ мамыр-маусым айларында өтеді.
Ал ақылы оқуға түсу үшін үш мүмкіндік беріледі. Қаңтар, наурыз айларындағы ҰБТ өтті, енді тамыз айында тағы өтеді.
Биыл минималды шекті балл:
ауыл шаруашылығы және биоресурстар – 50 балл,
Ұлттық жоғары оқу орындарына – 65 балл,
денсаулық сақтау – 70 балл,
педагогиалық ғылымдар және құқық – 75 балл.
Барлық квотаның 35 пайызы ауыл түлектеріне бөлінеді.