«Диплом сатумен айналысады». Қазақстанда қандай университеттер жабылады?
Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарына тексеру жүргізіп, қатаң шаралар қабылдауға дайын. Бұл туралы ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі
Жоғары оқу орындарының санын қысқарту туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтқан болатын. «Сапалы білім берудің орнына, диплом сатумен айналысатын университеттер бар екені құпия емес» деген еді мемлекет басшысы.
Ал білім министрі егжей-тегжейлі талдау жүргізілгеннен кейін, нақты шаралар жасалатынын айтты.
– Білім сапасы жоғары оқу орындары ары қарай жұмыс істеп, білім беруі тиіс. Мемлекет басшысы атап өткендей, білім сапасы төмен және түлектерді жұмысқа орналастыра алмайтын ЖОО-ларға қатысты қатаң шаралар қабылдануы тиіс. Біз тексеруді бастаймыз, – деді Асхат Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, еліміздің жоғары оқу орындарының жартысы ғана өз түлектерінің 60 пайызын жұмысқа орналастыра алады.