KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 6 м/с, Ю
485.11 523.82 5.02

Өскеменде «Sympho-Rock» қайырымдылық концерті өтті

15.05.2024, 09:08 209 Айна Ескенқызы

Өскемендіктер үшін «Ертіс концертте» ерекше «Sympho-Rock» ән кеші өтті. Рок жанкүйерлері Queen, Scorpions, Status Quo, Eagles, Deep Purple сияқты әлемге танымал топтардың шығармаларын симфониялық  оркестрдің орындауында тыңдады. Концерттің тағы бір ерекшелігі- жиналған қаражат қайырымдылыққа жұмсалады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

ШҚО әкімінің симфониялық оркестрінің бас дирижері Александр Галсанов классикалық стиль мен рок жанрды қабыстыру үшін көп күш жұмсағандарын айтты.

– «Sympho-Rock» бұл - эксклюзивті концерт. Симфониялық оркестр рок музыкасын орындамайды.  Бірақ біз екі стильді үйлестіру үшін көп тер төктік, оңай болған жоқ.  Оның қалай шыққанына көрерменнің өзі бағасын бере жатар. Мен барлығымыз үшін керемет ән мерекесі болады деп үміттенемін. Бастысы – концерттен жиналған қаржыны қайырымдылыққа жұмсаймыз. Қазір мұқтаж жандар өте көп, біз оларға көмектесе аламыз деп ойлаймын.  Біз өз өнерімізбен оларды қолдай алатынымызға қуаныштымыз. Біздің бастамамызды қолдауға Алматыдан достарымыз келіп отыр. Қазіргідей қиын кезеңде жерлестерімізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлағымыз келді, – деді  Александр Галсанов.

 Ұйымдастырушылардың  сөзіне қарағанда, ән кешінен  түскен қаражаттың бір бөлігі еліміздің топан судан зардап шеккен өңірлеріне аударылады.

– Бүгін өскемендіктерге ШҚО әкімінің симфониялық оркестрі және әншілердің қатысуымен тамаша «Sympho-Rock» концертін ұсынамыз. Қайырымдылық концертінің мақсаты - еліміздің тасқан судан зардап шеккен өңірлеріне қолдау танытып, түскен қаражаттың бір бөлігін сол облыстардың  тұрғындарына аударамыз. Кеште әлемге және елімізге танымал рок топтарының әндері шырқалады, – деді ұйымдастырушылардың бірі Азат Дауытбеков.

Кеште  танымал рок топтарының композициялары мен Виктор Цой, Земфира сынды белгілі рок орындаушыларының әндерін облыстық филармонияның әншілері Жанат Бисимбаев, Ботагөз Жұмабекова, Х-Factor Қазақстан жобасының 10 -маусымы жеңімпазы Әсем Рыспаева, Фарид Исмаилов, Роман Хохлов орындады. Сондай-ақ жиналғандарды алматылық «Меломан Авиа» тобы өз өнерімен қуантты.

– Біз туған қаламызға концертке қатысуға Алматыдан арнайы келдік.Жиналған қаражат еліміздің тасқын судан зардап шеккен өңірлеріне аударылады дегенде, біз бұл мерекеден қалмауға тырыстық. Біз симфониялық оркестрмен осымен үшінші рет өнер көрсетеміз. Кәсіби музыканттармен өнер көрсеткеннен артық ештеңе болмайды, – деді «Меломан Авиа» тобының әншісі Александр Дериглазов.

Өскемендіктер мен қала қонақтары әр орындаушыны жылы қабылдап, ризашылықтарын қол шапалақтарымен білдіріп отырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив