KZ
Өскемен
+13°
ясно жел 1 м/с, С
450.79 482.21 5.05

Катонқарағайда деректі фильм түсіріліп жатыр

22.05.2024, 20:01 127 ALTAINEWS

19 мамырдан бастап танымал режиссер, продюсер, PR-маман әрі сценарист Ринат Балғабаев бастаған түсірілім тобы Катонқарағай ауданында кезекті деректі фильмін түсіру жұмысын бастады.

Бұл жолғы жоба білім беру саласы, соның ішінде Катонқарағай ауылындағы С.Ластаев атындағы орта мектебі туралы болмақ.  Жобаның іске асуына «Білім беруді тұрақты дамыту» қоры қолдау жасап, барлық ұйымдастыру жұмысын атқарып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.

Аталмыш мектеп деректі фильмнің тақырыбына кездейсоқ таңдалып алынған жоқ. С.Ластаев атындағы орта мектебі осыдан 5 жыл бұрын «Ауыл мектебі» жобасына еніп, бүгінде айшықты оң өзгерістер мен нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

   - Біз өзіміздің түсірілім тобымызбен осындағы Сейтқамза Ластаев атындағы орта мектебінің өмірі жайында, сол арқылы ауылдық жерлердегі білім беру сапасының деңгейі, білім берудегі кездесетін көкейтесті мәселелер турасында баяндайтын боламыз. Жалпы, деректі фильм бір ғана С.Ластаев атындағы орта мектебі ғана туралы емес, бұнда біз негізі білім беру саласындағы мәселелерді қозғаймыз. Бүгінде ауылдық пен қалалық жерлердегі білім беру сапасының алшақтығын жақындату өзекті мәселе болып отырғаны белгілі. Біз деректі фильм барысында катонқарағайлық мектептің мысалында ауылдық мектеп балалары мен мұғалімдерінің өмірін, олардың бүгінгі  қал-ахуалын  көрсеткіміз келеді. Осы арқылы қоғамға, бизнес пен билік өкілдеріне дұрыс ой салсақ дейміз, - дейді Ринат Балғабаев.

   Фильмді түсіру туралы ой жоба авторларында бір күнде туған жоқ. Ринат Балғабаетың айтуынша, түсірілім тобының жігіттерімен ол бұған дейін де жақсы таныс. Түсірілім тобында  Ринат Балғабаевпен бірге 3 адам жұмыс жасайды. Олардың әрбірі отандық БАҚ пен медиа саласында табысты еңбек етіп жүрген кәсіби мамандар.  Мәселен, оператор-түсіруші Ерлік Ақжанов еліміздегі телеарналарға ауқымды жобалар түсірсе, Жомарт Аралбайұлы «Ютуб» әлеуметтік желісінде танымал «Дөп сөз» подкастының авторы және жүргізушісі, Владимир Харченко жарнама саласында еңбек етіп жүр.

   - Деректі фильмді осы жылдың жаз айларында толығымен аяқтап, көпшілік назарына ұсынамыз деген ойдамыз. Жоба екі  тілде шығады, яғни оның ішінде қазақ және орыс тілдері қатар жүретін болады. Тілді түсінуде қиыншылықтар орнамас үшін субтитрлар пайдаланамыз. Қазақстанның білім беру саласында оңды өзгерістер болғандығын отандастарымыз қалайтындықтарын жақсы білеміз. Кемшіліктер де аз емес.  Осыны біз деректі фильмде жан-жақты көрсететін боламыз. Бұл біздің қоғамға қосқан үлесіміз деп есептейміз, - дейді деректі фильмнің режиссері Ринат Балғабаев.

 Бұл түсірілім тобы мамандарының Катонқарағай ауданына келген алғашқы сапары. Айтуларынша, келген кезден бастап жеріміздің тұмса табиғаты, оның сөзжетпес сұлулығы оларды таңдай қаққызып, естен кетпес әсерге бөлеген.

  - Өз басым еліміз бен алыс-жақын шетелдегі көптеген көркем жерлерді көрсем де, Катонқарағай мені өзіне бірден баурап алды. Бұндай көзтартар сұлулық, сірә, еш жерде жоқ шығар. Асқаралы Алтай таулары, баурайындағы қалың ну орманы, сарқырап аққан өзен-көлдері, қонақжай да мейірімді, қарапайым тұрғындары, шығыстың түкпірінде жатқан ауылдың тұрмысы ғажап сезімге бөледі бізді. Келгенімізге, осында бұндай маңызды жобаны қолға алғанымызға қуанып жатырмыз. Осындай әсем өлкенің болашағы баянды болсын деген тілек бізде. Әлеуеті жоғары аудан екендігін түсіндік. Туризмді дамыту қажет, бірақ ол үшін әлі талай жұмыс атқару сияқты. Ең бірінші, инфрақұрылымға жете мән берілуі тиіс. Осы өңірге сапалы да саналы туристер келсе екен дейміз, - дейді Р.Балғабаев.


Тимур Смағұлов

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив