Он жасар Алдияр еліміздің көк туын биікте желбіретсем дейді
Алдияр Семейхан 10 жасында каратеден сары белбеу иегері атанған. Ол биыл Өскемендегі №45 орта мектебінің 5-сыныбын бітірді.
Біліммен қатар спортқа да құмар жас өрен жаттықтырушысы Данияр Абатұлымен республикалық додаларда топ жарып, олжа салып жүр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл спорт түрін ерекше жақсы көретін Алдияр осы күнге дейін бірде-бір жаттығудан тыс қалған емес. Бос уақытында үнемі шынығып, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруге тырысады. Оның алға қойған мақсаты - қазақ елінің көк туын әлемдік ареналарда желбірету.
Спортқа деген қызығушылық Алдиярға әкесінен дарыған. Әкесі - Қуаныш Семейханұлы мықты волейболшы. Қазір ол «Берел» әйелдер командасының бапкері. «Берел» – республикалық жарыстарда жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүрген команда. Мамыр айында Қуаныш Семейханұлы жаттықтырған волейболшы қыздар Қазақстанның атынан Азия чемпионатына қатысып қайтты. Филиппинде өткен байрақты бәсекеде капитан Сана Анарқұлова бастаған біздің қыздар күміс жүлдегер атанды.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, әкенің ісін абыроймен жалғастырып жүрген Алдиярдың болашақта чемпион болары сөзсіз.
Жас өренді баптауда Данияр Байжуменовтің де еңбегі зор. Бала бойында спортқа деген сүйіспеншілікті оятып, жеңіс пен жеңілісті қабылдауға үйрету шеберлікті қажет етеді. Жас спортшылардың физикалық, психологиялық тұрғыдан мықты болуы жаттықтырушыға тікелей байланысты екенін айта кеткен жөн.