Жаңа коллекциялық монеталар айналымға шықты
Қазақстан Ұлттық Банкі «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» монеталар сериясынан RAQYMJAN QOSHQARBAEV. 100 JYL және KEMEL AQYSHEV. 100 JYL коллекциялық монеталарын айналымға шығарды, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.
Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға, аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға жатады.
Монеталар 2024 жылғы 28 тамыздан бастап ҚҰБ-тың kazcoins.nationalbank.kz интернет-дүкені арқылы сатылады.
2024 жылы Қазақстанның Халық қаһарманы, Ұлы Отан соғысының батыры – Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Рахымжан Қошқарбаев 1945 жылы 30 сәуірде Берлинді алу кезінде Рейхстагқа қызыл ту тіккен Қызыл Армияның алғашқы сарбаздарының бірі болды.
Сондай-ақ, 2024 жылы көрнекті археолог және ғалым Кемел Ақышевтың туғанына 100 жыл толды. Оның басшылық етуімен Алматы қаласы маңындағы Есік қорғанына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында «Алтын адам» табылды.
Екі тұлғаның құрметіне Ұлттық банк коллекциялық монеталар шығарды.
Монеталар мельхиор қоспасынан (МН 25) жасалды. Монета массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – brilliant uncirculated, номиналы – 200 теңгелік, таралымы – 5 000 (бес мың) данадан.

