KZ
Өскемен
-6°
снег жел 5 м/с, Ю
497.88 518.59 5.44

Өскемендегі өнер музейіне – 30 жыл. Мерейтой қалай өтті?

23.10.2020, 12:35 160

Өскемендегі өнер музейінің ашылғанына отыз жыл толды.  Ұжым бүгін мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Өнер музейі өңірге ғана емес, республикаға белгілі маңызды мәдени орталық. Көркемөнер музейлерінің ішінде бейнелеу, әдеби және музыкалық бағытымен ерекшеленеді. Отызға толған өнер ордасының коллекциясында он мыңға жуық экспонат бар. Олардың басым бөлігі графика, кескіндеме, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туындылары.

Мерейтой шымылдығын  «шабыттықтар» түрді.  Жастар театрының жалынды актерлері ұсынған қойылымның мазмұны «музей – барша өнердің тоғысқан жері» дегенге саяды. Ал көпшілік назарына ұсынылған бейнефильмде музейде өткен айтулы оқиғалар, ұжымның жетістіктері, музей қызметінің ретроспективасы сипатталды. Экраннан еліміздің түкпір-түкпіріндегі музейлердің, қазақстандық және шетелдік суретшілердің, музейдің бұрынғы қызметкерлерінің құттықтау лебіздері оқылды. Осыдан кейін әннен шашу шашылды. Ақжарма тілектерге кезек берілді. Сондай-ақ музейдің еңбекқор мамандары марапатталды.

– Бұл музей еліміз тәуелсіздік алған тұста ашылды. Содан бері ел мәдениетінің, руханиятының көркеюі жолында тер төгіп келеді. Өнердің өшпес ошағына, аласармас ордасына айналды. Өнер бар жерде халық бар. Сол үшін ұжымның алдағы еңбек жолына толағай табыс тілейміз – деп лебіз білдірді «Қазақстандық салалық мəдениет, спорт, туризм жəне ақпарат қызметкерлерінің кəсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстағы филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбекұлы.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу