KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 3 м/с, С
498.34 519.72 4.85

ШҚО-дағы Кәсіподақ қозғалысына 100 жыл толды

9.10.2020, 13:18 367

Биыл Шығыс Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының қызметіне бір ғасыр толып отыр. Бүгінде кәсіподақтар мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен бірлесе отырып, демократиялық қоғам құруға атсалысып келеді.

Облыс кәсіподақтарының тарихы сонау 1920 жылдан басталады. Мамыр айында алғашқы кәсіподақ органы – әйгілі жазушы, қоғам қайраткері Павел Бажов басқарған кәсіподақтардың уездік бюросы құрылған болатын. Бір жылдан соң Өскемен уезінде 5 мыңға жуық адамды біріктірген 17 кәсіподақ болды. 1921 жылы Өскеменде кәсіподақтардың екінші уездік конференциясы өтіп, оған 100 делегат сайланды.

20-шы жылдары кәсіподақ ұйымдары жұмысшылардың мүддесін қорғауда, әсіресе еңбек жағдайын жақсарту, жалақыны көтеру мәселесінде батылдық танытты. Негізгі құрал ұжымдық келісім болды. Айталық, Риддер комбинатында ұжымдық шарттың тарифтік бөлігі қаралған кеніш комитетінің отырысы өтті.

Ұлы Отан соғысы адамдар өмірін түбегейлі өзгертуге, бүкіл жұмысты әскери жолмен қайта құруға мәжбүр етті. Шығыс Қазақстанның кәсіподақтары соғыс жылдарында да, соғыстан кейін де халықтың күш-жігерін жұмылдыруға, халық шаруашылығын қалпына келтіруге үлкен үлес қосты.

1948 жылы Өскеменде кәсіподақтардың тұңғыш облыстық одақаралық конференциясы өтіп, оған 105 сайланған делегат, 65 шақырылған облыстық ұйымдар басшысы қатысты. Конференцияда Шығыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар кеңесі құрылды. Оның бірінші төрағасы болып 1960 жылға дейін осы лауазымды атқарған Иван Ефимов сайланды.

Шығыс Қазақстанның кәсіподақ ұйымдары әділдікті қалпына келтіру, тұрмыстық жағдайды жақсарту, медициналық қызмет көрсету, мәдени-ағарту жұмысы мәселелерінде еңбекшілер құқығын мықтап қорғады.

50-ші, 60-шы жылдар кәсіподақтар қызметін кеңейту, жұмысшылардың еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту кезеңі болды. Кәсіподақтар еңбек адамдарының баспаналарын жақсарту бойынша жұмыс жүргізіп, белсенділігін арттыру үшін социалистік жарыстар өткізді. Кәсіподақтардың құқықтық еңбек инспекциялары еңбек заңнамасының сақталуын қадағалады, бұзылған еңбек құқығын қалпына келтіру бойынша пәрменді жұмыс жүргізді.

80-ші жылдары облыстың кәсіподақтары экономикалық даму жоспарларын орындауға күш салды. Кәсіподақтар өндіріс орындарын техникалық қайта жарақтап, оларға ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін енгізу бағдарламасын жүзеге асырды. 1985 жылы облыстық кәсіподақ комитеті 14 облыстық комитетті, 87 қалалық және аудандық комитетті, 2239 бастауыш, 2479 цех ұйымын, 10577 кәсіптік топты біріктірді. Кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны 416 мыңнан асып, облыс еңбекшілерінің 99,7 пайызын құрады.

Облыста жыл сайын 100 мыңнан астам еңбекші мен олардың отбасы демалыс базаларында денсаулықтарын түзеді. 80-ші жылдардың соңында облыста 1394 жолдастық сот, 601 құқық бұзушылықтың алдын алу кеңесі, 275 қоғамдық кадрлар бөлімі, 178 қоғамдық заң консультациясы жұмыс істеді.

 90-шы жылдардың аяғынан бастап кәсіподақтар жаңаша дами бастады. Ең алдымен билік органдарымен және жұмыс берушілермен еркін пікір және ақпарат алмасу күшейді. Кәсіподақтардың билік құрылымдарымен және жұмыс берушілер бірлестіктерімен өзара іс-қимылының негізі еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеуге бағдарланған әлеуметтік әріптестік болды.

Бүгінде әлеуметтік әріптестіктің құқықтық негіздері Еңбек кодексімен айқындалып, негізгі міндеттері, қағидаты мен жүйесі қалыптасқан.

Әлеуметтік серіктестіктің іргетасы жұмыс беруші мен еңбеккерлердің ұйым деңгейіндегі қарым-қатынасы болып табылатынын ескере отырып, облыстың кәсіподақтары ұжымдық келісімшарттарды әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.

Еңбекшілердің құқықтарын қорғау жұмысын жүргізу тәжірибелі және жігерлі мамандарсыз мүмкін емес. Облыстық кәсіподақ кеңесі құрылғаннан бастап бұл салада сауатты қызметкерлер жұмыс істеп келеді. Олардың ішінде ең алдымен облыстық кәсіподақ төрағаларын атап өткен ләзім. Облыстық кәсіподақ кеңесінің алғашқы төрағасы И. Ефимов (1948-60 жылдар) болды. Кейін А. Хохлачев (1960-65), А. Шатковский (1965-68), Н. Неганов (1968-70), П. Пешнин (1970-77) қызмет етті. 1977 жылдан 1989 жылға дейін бұл қызметті облыста кәсіподақ ісінің дамуына үлкен үлес қосқан Николай Воронин атқарды. 1989-94 жылдары Павел Елисов, 1995-2000 жылдары Қазбек Уәлиев, 2001-2004 жылдары Николай Бородаев төрағалық етті. Кәсіподақтың белсенді көшбасшылары Т. Якименко, К. Ворончихина, Г. Кужекова, Р.Троеглазова, Л. Клейманова, Р. Масловты, Семей өңірлік кәсіподақ төрағасының орынбасары болған Сәбит Ахметовті және басқаларды әріптестері құрметпен еске алады. Сондай-ақ облыстық кәсіподақ кеңесінің төрайымы Нұржан Түсіпованы (2005-17 жылдар), облыстық кәсіподақ ардагерлер кеңесінің төрайымы Галина Решетникованы, металлургия еңбеккерлері кәсіподағының төрайымы Галина Егорованы атап өткен жөн.

2014 жылы облыстық кәсіподақ кеңесі «ШҚО кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі болып қайта құрылды.

Бүгінде облыстық кәсіптік ұйымдарда лайықты адамдар аз емес. Олардың арасында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрайымы Людмила Краева, құрылыс кешені және ТҮКШ жұмыскерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Яков Швец, ШҚО кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары Мұрат Құдабаев және өзгелер бар.

Қазіргі кезде облыстың кәсіподақ орталығы құрамында мүшелерінің саны 134 мыңнан асатын 12 салалық облыстық кәсіподақ ұйымы, 2 аумақтық ұйым бар. Ең ірі салалық облыстық кәсіподақ ұйымдары – тау-кен металлургия өнеркәсібі еңбекшілерінің кәсіподағы (23 мың адам), білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы (31 мың адам), білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Семей аумақтық кеңесі (24 мың адам), «Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің кәсіподағы (22 мың адам) және мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағы.

Облыстың кәсіподақтары әлеуметтік әріптестік қағидаттарында мемлекеттік органдармен, жұмыс берушілермен облыстық үшжақты келісім шеңберінде өзара іс-қимыл жасайды. Шығыс Қазақстан облыстық кәсіподақ орталығы қызметінің басым бағыттары – әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, жастарды кәсіподақтарға тарту, кәсіподақ қозғалысының бірлігін нығайту, сайланбалы кәсіподақ кадрлары мен белсенділерін оқыту, кәсіподақ мүшелеріне заңгерлік көмек көрсету, өндірістегі еңбек қауіпсіздігін бақылау, еңбеккерлер мен олардың балаларын сауықтыру.

– Алдағы басты мақсат – Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының қыркүйектегі 26-шы онлайн-съезінде қабылданған 2020-2025  жылдарға арналған стратегияны іске асыру. Жұмысымыздың таяу бес жылдағы басымдығы еңбек адамын жан-жақты қолдау болып қала бермек. Яғни, еңбеккерлердің еңсесі биік болуы тиіс. Міндеттеріміз жұмысшыларға көмек көрсету, лайықты жалақы төлеу, заңгерлік кеңес беру, олар үшін қолайлы және қауіпсіз жұмыс жағдайын жасау, еңбек дауларын шешу болады. Кәсіподақтардың саяси аренадағы беделін нығайту – тағы бір маңызды міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар белсенді жүргізілуде, біздің кандидаттар Nur Otan партиясының праймеризіне белсенді қатысты, – дейді «ШҚО кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов.

Төтенше жағдайға байланысты 2 сәуірден бастап кәсіподақ ұйымдары қашықтан қызмет етуге көшіп, «Қауырт желі» құрылды. Салалық кәсіподақтар «Біз біргеміз» акциясына қосылды. «Senim» денсаулық сақтау, білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақтары ардагерлерге, жалғызбасты аналарға, көпбалалы отбасыларға материалдық көмек көрсетті. Сонымен қатар, кәсіподақ орталығы қоғамдық қабылдау аясында тұрғындарға құқықтық кеңес беруде.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу