Семейде Жеңіс күніне арналған онлайн дебат өтті
Ұлы Отан соғысының тарихы 75 жыл өтсе де көмескіленбей, керісінше жаңа парақтары ашылып жатыр. Жеңіс туын жақындатуға атсалысқан сол кезең адамдарының майдан мен тылдағы көзсіз ерліктері кейінгі буын үшін үлгі мен өнегеге айналды. Өткенді ой елегінен өткізіп, батыр ата-әжелеріміздің қайсарлығын дәріптеу мақсатында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-11 сынып оқушыларының арасында қашықтықтан онлайн-дебат өтті.
«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» тақырыбымен ұйымдастырылған онлайн пікір-талас Карл Поппер дебаты форматының ережелерін басшылыққа алды.
- Өткенді білу – әркімге қызықты. Соның ішінде Ұлы Отан соғысы жайлы ізденетін оқушыларымыз көптеп кездеседі. Сабақ барысында да соған қатысты сауалдар жиі қойылады. Жеңістің оңайлықпен келмегенін түсіндіреміз. Бүгінгі онлайн дебатта шәкірттеріміз нақты деректер мен ресми мәліметтерге сүйене отырып, өз ұстанымдарын анық байқатты. Олардың екінші дүниежүзілік соғысқа әділ баға беретіндері мені қуантады, -дейді пікір-талас сарапшысы, тарих пәнінің мұғалімі Бауыржан Серікұлы.
Дебат барысында Ұлы Отан соғысына қатысты әртүрлі деректер, материалдар, фактілер, статистикалық мәліметтер сараланып, ортаға салынды. Барлық спикерлер тыңғылықты дайындалған. Сонымен қатар, пікір-таластың қазақ және орыс лигаларында жеке-жеке өткенін атап өткеніміз жөн.
- Жалпымыз білетін бір шындық – Кеңес заманы азаматтарының қажырлығының арқасында жеңіске жеткеніміз. Олардың Отанға деген шынайы сүйіспеншілігі мен мықты патриотизмінің арқасы. Осы қасиетті кейінгі буын бойына сіңіріп, үлгі алуы керек деп есептеймін. Дебатқа қатысу арқылы жеңімпаз ата-әжелерімізге тағы бір мәрте ризашылығымды білдіріп, оларға борыштар екендігімді айтқым келді, - дейді 10 сынып оқушысы Аружан Тоқанова.
Дебат онлайн болса да тартысқа толы өтті. Әр қатысушы нақты ұсыныстарымен бөлісті. Пікір-сайыс қорытындысы бойынша қос лигада да «Үкімет» командалары жеңіске жетті. Ал 10 сынып оқушылары Ерлан Егісбеков, Далила Гафарова, 11 сынып оқушылары Әділжан Құрманғали, Наргиз Жакповалар «Үздік спикер» атанды. Жеңімпаз командалар мен қатысушылар жеңімпаздар дипломдармен марапатталды.
Айжан Ахметова,
Жанерке Имангаликова,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
педагог-ұйымдастырушы-кураторлары