KZ
Өскемен
+13°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
480.55 533.75 5.36

Басқарма көмір бағасын реттеуге қауқарсыз болып шықты

25.10.2018, 11:07 97

Бүгінгі күнде барлық жерде көмір саудасы қызып тұр. Бір тонна көмірдің бағасы қанша, жеткізу құны қанша болады? Жеткізілген сапасыз көмірге кім жауапкершілік алады? Неліктен ондаған көліктер көмір кезегінде сағаттап тұр? Бұл қазіргі жылыту маусымындағы ең жиі қойылатын сұрақтар, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Аталған сауалдарды біз осы көмірмен қамтуға қатысты арнайы өткен брифингте жауапты мекеме өкіліне қойдық.


Облыс орталығында бір тонна көмірдің бағасы 8800 теңгеден бекітілген, бұл баға жылыту маусымы бойында өзгермейді. Алайда, билік өкілдері, кен орнынан қалаға вагондап жеткізілген қатты отынды қойма басынан үйге дейін жеткізіп берушілер қойып отырған бағаны реттеуге қауқарсыз болып шықты.


– Біздің басқарманың міндетіне көмір кенішінен облыстағы 19 теміржол тұйықтарына дейін көмірді уағында жеткізу мәселесін келісу, техникалық мәселелерді реттеу ғана кіреді. Тек кейде көмір тасы көбейіп, сапасыз болып кетсе, тым ұсақ болса мәселені монополиспен сөйлесіп, сотқа дейін ушықтырмай шешуге араласамыз. Облысқа көмір негізінен Қаражыра кен орнынан келеді. Ал, қаланың, елдімекеннің ішінде көмірді тарату, тасымалдау бағасына бақылау жасау біздің құзырымызда емес. Жекеменшік көмір тасымалдаушылар да шағын және орта бизнес өкілдері болғандықтан, бағаны өздері белгілейді, олардың шаруасына араласпаймыз. Себебі, бұл нарық, - дейді бұл қызметке кіріскеніне не-бәрі он алты күн ғана болған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асхат Бұқатов.


Ал соңғы төрт-бес күнде қоймалардың басында көліктердің кезек күтіп сағаттап қаңтарылып қалғанын басқарма басшысының орынбасары көмірдің өзге өңірлерге де жіберілуімен байланысты деп түсіндірді.


– Қаражыра кен орнынан көмір біздің облыстан бөлек Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына да жіберіледі. Соңғы кезде оларда көмірмен қамтамасыз етуде айтарлықтай мәселе туындағандықтан, үздіксіз сол жаққа жөнелтілген. Біз Қаражыраның коммерциялық басшысымен сөйлестік, енді қайтадан Өскеменге тасымалдау басталады. Вагондар алдағы сенбіде түнде, не жексенбі күні таңертең келеді. Өскемендегі қоймалар күніне екі жүзге дейін көлікті жөнелте алады, - дейді ол.


Ал көмірдің сапалы, сапасыздығын тұрғындар өздері қарауы керек дейді басқарма басшысының орынбасары.


– Ақшаға алып тұрғасын, көмірді аларда мұқият қарап алу керек, егер тасы көп жарамсыз болса, бірден сол жерде айтып көрсетіп, басқасын алу қажет. Мәселен, Қаражырадан бөлек, Майкүбенің де көмірі бар. Алайда, оны тұрғындар майлы, дұрыс жанбайды деп ала бермейді. Таңдау көбінде Қаражыраға түседі. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 80 пайызы, бюджеттік мекемелер жүз пайыз көмірмен қамтылған. Сондықтан жылыту маусымында көмір болмай қалады деп алаңдауға негіз жоқ, - дейді Асхат Бұқатов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив