KZ
Өскемен
+11°
переменная облачность жел 3 м/с, СБ
479.23 534.96 5.16

Алыс жолға шықпауға кеңес береді

24.01.2018, 09:25 154

Бірнеше күннен бері Алтайда аяздың беті қайтпай тұр. Қазір облыстың кей жерлерінде сынап бағанасы 45 градусты көрсетуде. Сол себептен, мектеп оқушыларына сабақ тоқтатылып, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.


Облыста көлік қозғалысына шектеу қойылған жоқ. Алайда төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мұндай ауа райында алыс жолға шықпауға кеңес береді.  Бірақ ескертуді елемегендер жолда қалып жатыр. Осыдан екі күн бұрын облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары «Алматы-Зайсан» бағытына бет алған 27 жолаушы мен екі жүргізушіні құтқарған. Осы күндері тәртіп сақшылары жолдарда күні-түні кезекшілік етуде. Сондықтан көлік жүргізушілерін тоқтатса, таңғалмаңыз. Жол-жөнекей тоқтап тұрған біреуді байқасаңыз, айтыңыз. Болмаса, «112» нөміріне хабарласыңыз.


Ауа райының қолайсыздығына байланысты «Алматы-Зайсан», «Алматы-Аягөз» бағытында жол жүретін автобустар тоқтатылған. Ал Тарбағатай ауданындағы 54 білім ошағында кезекшілік ұйымдастырылып, малшыларға ірі қара малды үйде бағуға кеңес берілген. Сондай-ақ Тарбағатайда Зайсан-Майқапшағай, Өскемен, Семей, Алматы бағыттарындағы жол қозғалыстарына шектеу қойылған. Аудандық әкімдік пен жол-көлік полицейлері жергілікті таксилерге де алыс жолға шығуға тыйым салған. Сонымен қатар Боғас бекетіндегі асханада жолаушыларға тегін ыстық шай беріледі екен.


Кеше Үржар ауданында сынап бағанасы 28 градусты көрсеткен. Соған байланысты бастауыш сынып оқушыларына сабақ болмаған. Үржардағы меншікті тілшіміз Бейсенғазы Ұлықбектің хабарлауынша, әзірге «Алматы-Үржар», «Өскемен-Үржар» бағытында жол жүретін автобустар тоқтатылған. Дәл қазіргі уақытта, Үржар ауданынан тек Семей қаласына баратын қоғамдық көлік қана жүріп тұр. Ал кеше Күршім ауданында ауа температурасы 34 градустан төмен түскен. Аудандағы меншікті тілшіміз Хасен Зәкәрия хабарлағандай, еліміздегі ең суық нүкте болып табылатын Шанағаты ауылында 46 градус тіркелген. Әзірге Күршім ауданында ешқандай келеңсіз жағдай орын алмапты.


Семейде қатты аяздың салдарынан жер үйлерде өрт шығу фактісі тіркелген. Ауа райының қолайсыздығына байланысты күніне 2-3 рет пеш жағамыз деп, өрт қауіпсіздігі техникасын сақтамаған тұрғындар осындай келеңсіз жағдайларға тап болуда. Айта кетейік, семейлік жеке кәсіпкер Елизавата Закимова «Медакадемия» аялдамасында тоңған тұрғындарға тегін ыстық шай беріп, жұртшылықтың алғысына бөленуде.


«Қазгидромет» мамандары алдағы күндері аяздың беті қайтады деп отыр. «Қаңтар айының 26-сына дейін антициклон Қазақстан үстінде сақталады. Содан кейін антициклон ыдырап, Алтай жаққа ығысуымен аяз да әлсірей бастайды», – дейді мамандар.


Бұл ретте синоптиктер атап кеткендей, Қазақстан аумағына ығысып келген антициклон ауа температурасын климаттық нормадан 8-15 градусқа төмендетті.


«Республикада түнгі температура 33-39 градус болып, Шығыс Қазақстанның кей жерлерінде 45 болды, – деді мамандар.


 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив