KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 5 м/с, З
480.63 535.13 5.27

Геологиялық зерттеу барлауға бөлінетін қаржы көбейді

7.12.2017, 07:20 236


Түсті металдың қаймағы бес елі қазанын сапырып отырған Шығыста алдағы уақытта бірнеше жаңа кен орны ашылмақ. Жаңа қазына көздерін ашуға мемлекеттен бөлінетін қаражат та ұлғайтылмақ. Биыл Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті өңіраралық департаменттермен бірлесіп, геологиялық барлау жұмыстарын дамыту үшін 2017-2021 жылдарға арналған орта мерзімді стратегиялық жоспар құрастырды. Аталған жоспар аясында өңірлерде геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыру көлемін ұлғайту көзделіп отыр.


2017 жылы республикалық бюджеттен аймақтағы жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізуге 2,2 млрд. теңге бөлініп, игеріліп жатыр. Қазіргі күні мамандандырылған геологиялық барлау кәсіпорындары аймақтағы 45 нысанда зерттеу жүргізуде.


Өңірлік геологиялық-түсіру, іздестіру-бағалау және іздестіру-барлау жұмыстарын орындау қорытындысында ағымдағы жылы облысымыздың аумағында орналасқан алты нысан бойынша нақты нәтиже алынуы тиіс.


Абай ауданында жүргізіліп жатқан геологиялық жете зерттеу нәтижесінде болашағы бар жаңа кен алаңдары белгіленген карталар жиынтығы құрастырылып, учаскелердің келешекте пайдаланылуына болжамдық бағалау жүргізіліп, ары қарайғы іздестіру жұмыстарын жалғастыруға ұсыныстар берілмек.

Биыл Зырян ауданындағы Нарым металл-геохимиялық аймағында алтын-полиметалл кен орнын анықтаудың ірі көлемдегі болжамдық-іздестіру жұмыстары аяқталғалы отыр. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде алтын және полиметалл кенін ары қарай іздестіру үшін болашағы бар делінген үш ірі учаске белгіленді, Олар: Солдатово, Красная поляна және Коробиха кенді учаскелері.


Сонымен қатар, 2017 жылдың төртінші тоқсанында Зырян ауданындағы Парыгино және Семей қаласының әкімшілік аумағына қарасты жердегі Жарқұдық учаскелерінде алтынға және Өскемен қаласының әкімшілік аумағына қарасты жердегі Ахмер учаскесінде сирек металдарға іздестіру-бағалау жұмыстары аяқталады.


Жоғарыда аталған жұмыстардың нәтижесінде пайдалы қазбалардың болжамдық ресурстары анықталып, алдын ала геологиялық-экономикалық бағалау жүргізіліп, ары қарайғы геологиялық барлау жұмыстарының бағыты үшін негіздеме берілетін болады.

Бұған қоса биыл республикалық бюджеттік бағдарламаның есебінен жеті нысан бойынша гидрогеологиялық зерттеулер жүргізілуде. Жыл соңына дейін аяқталғалы отырған бір нысан бойынша облыстың елді мекендерін ауызсумен жабдықтау үшін жаңа учаскелер мен алаңдар анықталып, сол аумақтардың шаруашылық жүргізу үшін жарамдылығы бағаланатын болады.


-«Шығысқазжерқойнауы» өңіраралық департаменті биыл алғаш рет геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін конкурстар өткізді. Конкурстардың қорытындысы бойынша осы жұмыстарды жүргізу үшін 19 нысан және жобалық-сметалық құжаттама жасау үшін 19 нысан бойынша шарт жасалды,-дейді «Шығысжерқойнауы» өңіраралық департаментінің басшысы Серік Келеманов.

Жер қойнауын зерттеудің тағы бір түрі жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу болып табылады. Мұндай зерттеу жер қойнауын пайдаланушылардың өз қаражаты есебінен жүргізіліп келеді. 2017 жылы Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті біздің облыстағы Аягөз, Жарма, Зырян, Үржар және Күршім аудандарында мыс, полиметалл және алтынға іздестіру және іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізу үшін 11 жер қойнауын пайдаланушымен келісімшарт жасады. Шарттардың әрекет ету мерзімінде (2016-2020 жылдар) олар 5,8 млрд. теңгенің геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив