KZ
Өскемен
+4°
переменная облачность жел 2 м/с, В
443.35 475.54 4.82

Алтайдың шикізаты түгесілуі мүмкін бе?

3.05.2012, 18:00 229


Оқырман қауым бұл мақаланың тақырыбына көз жүгіртер болса, осы сауалды өзіне де қоюы мүмкін. Расында шетсіз де шексіз дүние бар ма өзі?! Бар болса, ол – аспан әлемі шығар.

«Қарт» кеніштердің қоры сарқылды

Ал жеті қат жер астын олай да үңгіп, былай да ұңғып болдық емес пе? Кешегі кеңестік дәуірде асыра айтуға, көпіре мақтануға үйренген аузымыз бардың да сарқылар, көлдің де тартылар кезі бар деген ұғымды жоққа шығарғандай болды. Жер қойнауын зерттеген ол кездің геологтары «Ойпыр-ай, табанымыздың асты тұнып тұрған байлық екен. Алтынның үстіне үй салып, күмістің үстіне қора тұрғызып жатырмыз. Қорғасын мен мысың да, қалайы мен мырышың да мың жылға жетерлік! Бұл байлық ешқашан түгесілмейді, түбі жоқ оның!» деп өтірікті – шындай, ақсақты – тыңдай ғып алақұйын ақпар берді. Соған сендік. Соларға сендік. Сендік те кені бар деген жердің ойран-топырын шығарып, барын алып, орнын ойсыратып кете бардық. Бірақ адамның апандай аранынан қорықты ма, жер қабатын жастанып жатқан сол байлығымыз бізден жатырқап, бірте-бірте ығысып, тереңге қарай тарта берді. Енді «жақыннан дорбалағаннан гөрі» «алыстан арбалаған» ауырлау тиді. Өйткені, жақында жатқандары түгесілді. Зерттелген, барланған кеніштердің кенін өз кәсіпорындарымызға ғана емес, өзге елге де тасып тауыстық. Дәл биыл немесе келесі жылы болмаса да енді әрі кеткенде 10-15 жылдың бедерінде жағдайымыз бұдан да қиындау болуы әбден мүмкін. Бұл – біздің өз байбалам болжамымыз емес, бұл – жер қойнауының ұңғыл-шұңғылын жете зерттеп, оның қай қатпарында қандай металл жатқанын жатқа айтатын жерші (геолог) ғалымдардың кесімді пікірі. Біздің де бұл пікірге қосылмасқа шарамыз жоқ. Неге десеңіз Кенді Алтай өңіріндегі Ертіс, Новоберезовка, Белоусовка, Тишин, Бақыршық, Большевик сияқты кен орындары сонау елуінші жылдардың ішінде ашылған, сол жылдардан бастап игеріліп, енді қоры сарқыла бастаған (тіпті, кейбірі сарқылып біткен) «қарт» кеніштер. Солардың ішіндегі Зырян кенішінің берерінің түгесілгеніне біраз жылдардың жүзі болса, Николаев, Шемонайха және Белоусов-ка кеніштерінің де түбі баяғыда-ақ көрініп қалған. Ал кен орнын іздеп, тапқаннан бастап оны өнеркәсіптік негізде пайдалана бастауға дейін кем дегенде 10 жылдың өтетінін ескерсек, жоғарыда өзіміз айтқан «… әрі кеткенде 10 – 15 жылдың бедерінде жағдайымыз бұдан да қиындау болуы әбден мүмкін» деген болжамымыздың шындыққа жанасымды екенін аңғару онша қиын емес.

Барлау шаралары неге баяу?

«Оның себебі неде сонда? Геологтарымыз дабылдатпай қайда қарап отыр?» дерсіз. Біздіңше, оның әуелгі себебі – өз алдымызға дербестік алып, бұрынғы Одақтан іргемізді бөлек салғаннан кейін осы геологияға назарды төмендетіп алған сияқтымыз. Олай дейтінім – сол келмеске кеткен кеңес кезінде мыңдаған геологтар тыным таппай, ұжымдаса жұмыс істеп, зерттеу-барлау, бұрғылау-ұңғылау жұмыстарын жүргізетін. Соның арқасында жүздеген кен орындары ашылды. Солардың басым көпшілігі өз өңірімізден табылған. Олар осы өңірден-ақ бүкіл Қазақстанның түсті металлургиясының минералды шикізат базасын жасады. Сөйтіп, облыс экономикасын өркендетудің алғышарттарын әзірледі. Кен шикізатының болашағын барлап, қорын анықтады. Ал егемендіктің еркіндігі қолымызға тиген соң сол геологиялық басқармалардың кейбірінің өзі, енді бірінің маң-дайшасындағы сөзі өзгеріп, бір басқармадан бірнеше жеке меншік серіктестіктер балапандап, қазіргі күнде солардың жұрнағы ғана қалған сияқты. Себебі, геологиялық барлау жұмыстарына қыруар қаражат қажет. Сол қаражатты тауып бере алмаған Үкімет, әсіресе, нарықтың қыспағында қалған алғашқы жылдары бүтін геологиялық құрылымдарды бөл-шектеуге, сөйтіп, оларды өлтірмей ұстап қалуға мәжбүр болған сыңайлы. Ал кейінгі оншақты жылдың көлемінде жаңа кен орындарының ашылуының көңіл көншітпей отыруы да айналып келгенде сол қаражатқа келіп тіреледі.
Қазіргі кезде Шығыс Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстары қызу қарқынмен жүргізіліп жатыр деп ауыз толтырып айту қиындау. «Қазцинк», «Қазақмыс» секілді түсті металлургия алпауыттары (олардан басқа аты шетелше қойылған ұсақ-түйек серіктестіктерді түгендеп бітпейсің) бұрын-соңды барланған кен орындарының қорын тақырлай қырып-жонып алып жатыр.
Жалпы алғанда Кенді Алтай өңірі бойынша жыл сайын жер қойнауынан он миллион тоннаға жуық кен шығарылады екен. Бірақ сол табиғи байлықтардың орнын жаңа қорлармен толықтырып отыру мәселесі назардан тыс қалғандай. Сондай-ақ, алтын және платина тобына жататын бағалы металдардың да жаңа кен орындарын ашудың уақыты әлдеқашан жеткен. Барлығымыз үміт күтіп отырған, бірақ, өкінішке қарай, әзірге сол үмітімізді барынша ақтай алмай келе жатқан Бақыршық алтынын алудың да технологиясы тым ауырлау болып тұр. Ғалымдардың айтуына қарағанда, ондағы алтын қоры бірнеше жүз тоннаға жуықтайды. Әр тонна кеннің құрамында 7-8 грамм алтын бар көрінеді. Алайда, сол алтынды көптеп шығарудың сәті түспей-ақ қойды. Оның бірінші себебі – Бақыршық алтыны күшәнді (мышьякты) минералдың құрамында (арсенопирит крис-талында) тым шашыраңқы орналасқан. Бұл металды айырып алу үшін минералдың кристалды торын бұзу қажет. Әдетте ол үдеріс күйдіру арқылы жүргізіледі. Бірақ ондай жағдайда ауаға көп мөлшерде аса улы зат – күшән тарайтын болғандықтан өзіміздің де, шетелдік мамандардың да қолы еріксіз байланып отыр. Сол үшін алтынның жаңа кен орнын ашудың маңызы, көкейкестілігі айтпаса да түсінікті. Кенді Алтай дегенде біз тек Өскемен өңірін ғана тілге тиек етіп отырғамыз жоқ. Алтын, көмір, тұз, әк, мрамор, габбро тәрізді пайдалы қазбалар Семей өңірінде де жетерлік. Өткен жылдар семейліктер үшін айтарлықтай табысты болды. Алтын өндірумен айналысатын үлкенді-кішілі онға тарта кәсіпорын тонналап осындай бағалы металл берді. Енді бұрынғы Семей ядролық сынақ айлағы аумағындағы кен орындарын зерттеп, пайдалы қазбаларды іздеп-табу жөнінде кең көлемді жұмыстар жоспарлануда. Ол мақсатқа республикалық бюджеттен қаржы да қарастырылған. Қысқасы, өз жұмысының нақтылы нәтижесін дәлелдеп, республикалық тиісті орындардың көзін жеткізе білген жерде қаражат та, жұмысқа деген ынта да бар.
Орайы келгенде айта кетерлік тағы бір жағымды жаңалық – Семей ядролық аймағындағы Кішкен (Кишкен) телімінде молибденнің жаңа кен орны анықталды. Ондағы зерттеу-барлау жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса түспек. Сонымен қоса Семейдің Қаражалында флюорит, ал Зайсанның Сары-бұлағында мұнайдың мол қоры бар екендігі анықталып отыр.
Өте сирек кездесетін осы тектес шикізат түрлерінің же-тіспеушілігі оларды пайдаланатын кәсіпорындардың адымын аштырмай келеді. Солардың бірі –
Өскемендегі бірегей кәсіпорын – Үлбі металлургия зауыты да шикізат тапшылығын тартпай отыр деп айту қиын. Оның тантал және бериллий өндірістері үшін де сирек металдар базасын жасаудың көкейкестілігі күн тәртібінде тұр. Сондықтан келешегі үлкен кен орындарында кең көлемді іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізудің назардан тыс қалып келе жатқан оңды тәжірибесін қайтадан қалпына келтірудің уақыты әлдеқашан жетті. Тіпті, өтіп те бара жатқан сияқты… Егер қаржыландыру мәселесі дұрыс шешілсе, із-дестіру-барлау жұмыстарының нәтижесіз болмайтындығын өмір тәжірибесінің өзі дәлелдеп келеді. Мәселен, бұдан бірнеше жыл бұ-рын мемлекеттік бюджет есебінен іздестіру-бағалау жұмыстары жүр-
гізіліп еді, геологтар Николаев кен орнының жанынан кеннің тағы да бір жаңа қатпарлары жатқандығын анықтап берді. Одан кейін Риддер аймағында іздестіру-барлау жұмыстарына да мемлекет тарапынан қаржы бөлінді. Бірақ ол колчедан-полиметалл кендерінің қорын толтыруға кең көлемді барлау жұмыстарын жүргізу үшін аздық ететін сияқты...

Зерттеу-іздеу жұмыстары қай деңгейде?

Жалпы, Шығыс Қазақстанның шикізат базасы ірі колчедан-полиметалды кен орындарымен белгілі. Бұл кен орындары екі ғасырдан бері тұрақты түрде зерттеліп келеді. Кенді Алтайдың кен-металлургия өнеркәсібі не-гізінен осы кеніштерден ғана қорек алып отыр. Бірақ үздіксіз өндіруге, үзбей тасымалдауға байланыс-ты оның балансты қорлары жылына бірнеше миллион тоннаға дейін, тіпті, кей жылдары одан да көп мөлшерде төмендеп келеді. Бүгінгі күні бұл кенді аймақтағы Шубинское, Орловское, Грехов, Иртышское, Николаев, тағы басқа полиметалл кен орындары және Катонқарағай ауданындағы «Рахман қайнарлары», Үржар ауданындағы «Барлық-Арасан», Зайсан ауданындағы «Арасан-Талды» және «Жеменей» минералды су көздері түгелге жуық зерттеліп болды. Оның бүкіл аумағында кең көлемді геологиялық-геофизикалық зерттеу, барлау жұмыстары жүргізілді. Ірі кен орындары екі шақырымдық тереңдікке дейін барланды. Алайда, геолог мамандардың ауық-ауық дабыл қағып, Үкімет назарын аударып қоюы негізсіз емес. Көптеген колчедан-полиметалл кен орындарының келешегі үміт күт-тірерліктей болмай тұр. Олардың зерттелген, барланған тереңдікке дейінгі қорлары сарқылып барады немесе тереңдеп, тым күрделеніп кетті. Ғалымдар есебіне қарағанда, Кенді Алтайдың жалпы қорлары (баланстық және болжамды қорлар) қорғасын, мырыш, мыс жөнінен шамамен 50 – 75 миллион тонна мөлшерінде көрінеді. Оның жартысына жуығы пайдаланылудағы және барланған кен орындарының үлесіне тиеді.
Дегенмен, облыс геологтары Үкіметке қол жайып қарап отыр деуден аулақпыз. Олар мәселенің мән-жайын өзгелерге қарағанда жетігірек білетіндіктен әрі жете сезінетіндіктен бар мүмкіндіктерін сарқа пайдалануға тырысуда. Өткен он жыл ішінде жер қойнауын пайдаланушылар жұмыс істеп тұрған кен орындарын түпкілікті барлауға төрт миллиард жеті жүз қырық бес миллион теңге инвес-тиция салды. Ал 2012 – 2015 жылдары үш миллиард үш жүз отыз бес миллион теңге инвес-тиция тартылмақ. Оның дені (2 млрд. 225 млн. теңгесі) Риддер-Сокольный кен орнын түбегейлі барлауға жұмсалмақ. Соңғы жылдары геологтар мен металлург-терді, әсіресе, Зырян аймағындағы кен көздерінің жағдайы алаңдатып отыр. Ондағы зерттеу және барлау жұмыстарының басым бөлігін «Қазцинк» жауапкершілігі шек-теулі серіктестігі жүргізіп келеді. Бірақ арқаны кеңге салуға әзір ертерек. Келешегі үлкен деп саналатын Малеев кен орнындағы жерасты қазба байлықтарының көлемі әрі кеткенде 10-11 жылға жетуі мүмкін деген болжам айтылып жүр. Демек, жылына екі жарым миллион тоннаға дейін кен бере алатын бұл кеніштің де игерілу мерзімі қысқаратын түрі бар. Қазір аталған серіктестік өз кәсіпорындарына қажетті минералды шикізат қорын қораштандырып алмау мақсатында іздестіру-бағалау жұмыстарын осы біре-гей кеніштің төменгі деңгей-жиектерінде тереңдей жүргізуде. Соған қарамастан аталған кеніш орналасқан Зырян кен аумағындағы қорлар мөлшері алаң тудырарлықтай жағдайда деп айтуға болатындай. Сондай-ақ, облыс көлеміндегі Тишин кен орнының қоры 2024 жылға дейін, ал Долинное және Обручев кен орнының қорларын қазымдау мерзімі әрі кеткенде 15 жылға, Шубинск кен орнының қоры 10 жылға дейін жетіп жығылады деген есеп бар. Сондықтан «Қазцинк» компаниясы бұдан біраз жыл бұрын өз қаржысымен сондағы Долинное және Обручев (кен қоры 6,3 миллион тонна), ал 2003 – 2005 жылдары республикалық бюджет есебінен Бахрушин телімінде іздестіру-бағалау жұмыстарын нәтижелі жүргізді. Ал Риддер аумағындағы Новолениногор – жаңадан ашылған бірден-бір кен орны. Ол жылына 1,8 миллион тонна кен бере алады деп күтілуде. Бірақ бұл кен орнын қазымдау жұмыстары тек 2020 жылдан кейін ғана басталмақ. Геологиялық есеп солай, оны бұза алмайсың. Кез келген кен орнын аша сала пайдалану деген болмайды. Кен орнын ашу мен кенді тасудың арасында оншақты жыл дайындық кезеңі болады. Жылына 4 миллион тоннаға дейін кен бере алатын Чекмарь кен орнын игеру де 2020 жылдан басталмақ. Бүгінгі есеп бойынша оның қоры 27 жылға жетеді деген болжам бар. Оның геологиялық барлау жұмыстары жобасын жүзеге асыруға 600 миллион теңге қарастырылып отыр. Оны түпкілікті барлаудың өзі алты жылға созылмақ.
Облыс геологтары мен кә-сіпорындары (оның ішінде «Қаз-цинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) Қостанай облысында-ғы Бутачихинск-Кедров блогында, Сахаровск-Адаев және Қарабайтал телімдеріндегі геологиялық барлау жұмыстарына да үлкен үміт артып отыр. Аталған кен орындарында негізінен түсті металдар мен алтынға (Бутачихинск-Кедров блогында), сондай-ақ түсті және асыл металдарға барлау жүргізу жобасы ойластырылған. Бірақ оларға келісімшарттар 2010 жылдың басында дайын болса да оларды құзыретті органдарда ресімдеу мәселесі тым сиырқұйымшақтанып кетті. Ал жасалған келісімшарт-тардың мерзімі өтіп барады. Ол біздің облыс үшін алтын уақытты жоғалтқанмен бірдей. Өз өңіріміздегі Чекмарь кен орнында полиметалдарды барлау мен өндіру келісімшартының тағдыры да соған ұқсас болып тұр. Былай қарасаң, Астанадағы шенеуніктердің келемежге де, немкеттілікке де келетін бой-күйездігі!

Геологтар қартайып барады

Бүгінгі күні өткір қойылып отырған маңызды мәселенің бірі – геолог кадрлар даярлау болып тұр. Қазір, әсіресе, осы геология ғылымымен айналысып жүрген ғалымдардың басым көпшілігі зейнеткерлік жастың ар жақ бер жағындағы адамдар. Мұндай жағдайда геологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын әлемдік деңгейде жүргізу туралы сөз қоз-ғаудың өзі қиындау. Ал инженер-геологты даярлап шығарып, оның өз бетінше атқарған жұмысының алғашқы нәтижесін көргенге дейін (жоғарыда айтқанымыздай) кем дегенде 8 – 10 жыл уақыт кететіндігін ескерсек, бұл да кезек күттірмейтін көкейкесті мәселе екендігіне дау болмаса керек. Дәтке қуат, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде кен-металлургия институтының ашылуы көп жылдардан бері қордаланып келе жатқан сол қиын түйіннің алдағы уақытта шешімін табатындығының бір мысалы дерліктей. Бұл күнде «Қазцинк» компаниясы осы жоғары оқу орнымен тығыз байланыс орнатқан.
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ республика ғалымдары алдында сөйлеген сөзінде негізгі-негізгі басым бес бағыттың ішінде геологтар үшін бастысы – «минералды шикізат базасын дамыту» деп атап көрсеткен болатын. Бұл мәселе қазір тек біздің Кенді Алтай өңірінде немесе республика көлемінде ғана емес, бүкіл дүниежүзінде кеңінен әрі жан-жақты ойластыруды талап етіп отырғанын және айдай әлемде жүріп жатқан қауіпті үрдіс – жаһандану үдерісінің кен
және мұнай-газ салаларын да қамти бастағанын ұмытпаған жөн. Сондықтан экономикамызды дамытудың негіздерінің бірінен саналатын минералды шикізат қорларын дамыту стратегиясы барланған кен орындарын тиімді пайдаланумен бірге олардың қорын да үнемі толықтырып отыруды талап ететінін естен шығаруға болмайды.

Жұмағазы Игісін

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив