KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 0,7 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Риддер қаласында болған апаттың себебі анықталды

24.04.2014, 18:00 127



Риддер қаласында болған апаттың себеп-салдарын анықтап, зардабын жою үшін құрылған комиссия 23-сәуір күні қорытынды актіні бекіткен болатын. Сол актінің шешімімен таныстыру үшін кеше комиссия мүшелері облыстық баспасөз клубында арнайы мәслихат өткізді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, аталмыш комиссияның төрағасы Юрий Маметьев, Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қалел Теленчинов, «Қазцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі вице-президенті Андрей Лазарев пен таукен өндірісі басқармасының бас кеншісі Валерий Завьялов оқиғаның қалай өрбігенін техникалық зерттеулер нәтижесі бойынша талдап, тілшілердің сауалдарына жауап берді.

Апат болған күні-ақ құрылған комиссия шұғыл зерттеулерге сүйене отырып, пайда болған шұңқырды бітеу керек деген шешімге келеді. Шұңқыр 18-сәуір күні толық бітеліп, тұрғындарға енді ешқандай қауіп жоқ екені хабарландырылған.

Ал апаттың себебін тереңнен талдау үшін мемлекеттік комиссия өз ішінен комиссия құрып, Мәскеуден техника ғылымдарының докторы, International Society for Rock Mechanics ұйымының мүшесі Александр Макаров пен өскемендік ғалым, халықаралық инженерлік академияның корреспондент-мүшесі Александр Ананинді алдырыпты. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Юрий Маметьевтің айтуынша, жан-жақты зерттеулер кеніштің төбесі құлауына жерасты суы мен сол маңнан өтетін су құбыры да өз әсерлерін тигізгенін анықтаған. «Altyntau-Vostok» ЖШС-не қарасты Риддер-Сокольный кен орнының үстіңгі қабаты борпылдақ жынысты болып келеді. Ал маңынан Хариузовка және Быструха өзендері ағып жатыр. Осы себепті де кен қазылған жердің бәріне тосқауыл кентіректер қойылатын. Ал шұңқыр пайда болған 12 камерадан соңғы кен қаңтар айында шығарылған. Ережеге сәйкес бос қалған ұңғыманы үш айдың ішінде бітеу қажет еді. Алайда, ұңғыманы бітеу жұмыстары жерасты суының камераның шығыс жағынан кірер жолды алып кетуіне байланысты кешеуілдеген.

Бұл ауданға су құбыры 1972-75 жылдары тартылған екен. Соңғы рет 2013 жылдың қараша айында құбыр дәл апат болған жерден тесілген. Құбырдан аққан су беті тоң болып жатқан жерді тесіп шыға алмағандықтан, онсыз да борпылдақ жыныстың езілуіне әкеп соқтырған. Бір-біріне жалғасқан лайсаңдар күн жылына келе ақыры жердің опырылуына себепкер болған. Аталмыш су құбыры кеңес заманынан бері кен комбинатының меншігінде болған. Валерий Завьялов құбыр «Қазцинк» ЖШС-нің комбинатына тиесілі болғанымен, онымен ағатын су қала әкімдігінің қарауында екенін ескертті. Апаттың себебі толықтай анықталғандықтан, кінәлі тұлғаларды анықтау үшін тексеру жұмыстары басталып кетті. Тексерістер нәтижесі бойынша анықталған тұлғалар сот алдында жауап беріп, заңнамалық жауапкершілікке тартылады. Ал «Қазцинк» ЖШС сот шешіміне орай өз ішінде тәртіптік жаза қолданбақ.

Вице-президент Андрей Лазарев «Қазцинк» ЖШС басшылығы апатқа өздерінің қатысы бар екенін мойындайтындарын, жүктелер жауапкершіліктен бас тартпайтындарын тағы бір мәрте мәлімдеді.

Қазір «Қазцинк» ЖШС-нің емдеу сауықтыру орнында үш отбасының адамдары тұрып жатыр. Қалған 58 үйге 100-200 мың теңге көлемінде шығындар өтелген. Үйлерін жер жұтқан Анастасия Татарникова балаларымен бірге екі бөлмелі пәтерге келесі аптада кіреді. Ал оның қайын атасы мамыр айында бір бөлмелі пәтерге жеке шығады.

«Қазцинк» басшылығы осы оқиғадан кейін Риддер қаласы мен Зырян ауданындағы барлық кеніштерді, әсіресе, бос қалған камераларды тексеруге кірісіп кетті. Ал апат болған аудандағы үйлерді кен өндірушілердің есебінен сақтандыру мәселесі қарастырылуда. Мәселе оңтайлы шешілер болса, тәуекелді аймақтағы тұрғындардың өз үйлерінде алаңсыз өмір сүруіне еліміздің жетекші сақтандыру компаниялары кепілдік беретін болады.

Есімжан Нақтыбайұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив