KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
480.61 534.53 5.28

Риддер-Сокольни кенішінде екі адам мерт болды

4.11.2013, 18:00 291


«Қазцинк» ЖШС-іне қарасты Риддер-Сокольни кенішінде оқыс оқиға орын алды. Кеше таңғы сағат 5-тер шамасында тау жыныстарын қопару үшін жерасты жарылыс жұмыстарын жүргізу барысында опырылып түскен қалың топырақ екі адамның өмірін қиып кетті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Аталған кеніш жұмысшылар шаһарынан үш шақырымдай қашықтықта орналасқан. Апаттық жағдай орын алған кезде жер астында бес бірдей шахтер жұмыс істеп жүрген. Олардың үшеуі аздаған дене жарақаттарын алып, үйінділердің арасынан өз беттерімен шықса, төртінші жұмыскер – 38 жастағы азамат тау жынысының астында қалып, қаза тапты. Ал бесінші жұмысшы - 1972 жылы туған машинистің денесі іздестіру жұмыстарының нәтижесінде бүгін табылды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің таратқан ақпаратына сәйкес, қайғылы жағдай болған жерге 50 адамнан құрылған құтқарушылар тобы, дәлірек айтқанда, Лениногор әскери тау-құтқару отрядының қызметкерлері дереу жіберіліп, тиісті жұмыстар қолға алынған. Шұғыл көмек көрсетуге Өскемен қаласынан реаниматолог мамандардан жасақталған бригада тікұшақпен жеткен.

Құтқарылғандар әртүрлі дене жарақаттарымен қалалық ауруханаға жеткізіліп, оларға медициналық көмектер көрсетілді. Бүгінгі күні орын алған апаттың себеп-салдарын анықтау үшін «Қазцинк» ЖШС өз ішінде тексеру амалдарын бастап кеткен. Компания басшылығы жарылыс болған кенішке шұғыл аттанып, жағдайды толық бақылауға алды.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив