Аягөздік мүмкіндігі шектеулі жандар Тәуелсіз мемлекетіміздің 22 жылдық мерекесін спорт залында қарсы алды. Ауданның әлеуметтік қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен спорттық шаралар мүгедек балаларға қуаныш сыйлады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Психоневрологиялық ауытқуы бар 18 жастан асқан I-II топтағы мүгедектер арасында «Елімнің бақытын тербеткен- Тәуелсіздік» атты эстафеталық сайыс өткізілсе, мүмкіншілігі шектеулі балаларға арнайы мерекелік ертеңгілік ұйымдастырылды. Күндізгі келу бөлімшесінің мамандары мен тәрбиешілері ертеңгілікте балалармен бірге тақпақ айтып, сахналық көрініс қойды. Үлкендер өскелен жас ұрпаққа тәуелсіздіктің қандай қиын жолмен келгені туралы әңгімелеп берді.
Сонымен қатар жалғызілікті қарттар мен I-II топтағы мүгедектер де назардан тыс қалмады.
Олар үшін шағын кеш те «Желтоқсанның мұзда жанған алауы» атты слайшоу көрсетілді. Кешке жиналғандарға аягөздік әнші Қуатжан Оспанов ән мен жырдан шашу шашты. Жергілікті өнерпаздың қайырымдылық концерті аягөздіктерге мерекелік көңіл- күй сыйлағаны сөзсіз.
Мекеме орталығында «Желтоқсанның боздақтарына» бұрыш ұйымдастырылып, оған қабырға газеттері мен буклеттерқойылыпты. Әлеуметтік қызметпен қамтылған жандардың қолдарынан шыққан бұйымдардың көрмесі де тартымды шықты.