KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 1 м/с, С
480.61 534.53 5.28

Тропикалық құстардың көрмесі Өскеменде өтіп жатыр

10.12.2013, 18:00 194



Тропикалық құстардың көрмесі Өскемендегі өлкетану мұражайында өтіп жатыр. Арысы Америкадан, берісі Үндістаннан келген 25 түрлі құстың әр қайсысының өз ерекшелігі бар, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Көрме залына кіріп барған адамды әр түрлі құстардың әдемі әуені мен балалардың риясыз күлкісі баурайды. Одан әрі келушілер әр құстың әдемілігіне сүйінумен уақыт өткізеді.
Біз барлық құстың ерекшеліктерін жазуға мүмкіндік болмағандықтан, ішіндегі бірнеше құстың дене тұрқындағы, мінезіндегі қызықты жағдайларға тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз. Аталмыш бастауымен көрмедегі құстардың көріп шықтық.

Тропикалық құстардың көрмесі Өскеменде өтіп жатыр

Есіктен кірген адамның назарына бірден ілігетін құс – тукан токо. Ол ел назарын өзіне үлкен тұмсығымен аудартады. Жаратушы бұл құсқа сорайтып тұмсық бергенімен, көлемді қылып дене бермепті. Сондықтан болса керек, өте нашар ұшады екен. Десе де, тар қапасындағы ағаштарға кезек секіріп, көрермендерін жалықтырмауға тырысатын сыңайлы. Оңтүстік Америкада мекендейтін тукан 40-45 жыл өмір сүреді екен.

Тағы бір қызықты жағдайды қызыл лори деген жұп құстан көрдік. Бір себетте отырған жұп лоридың бірінің мойнын ажырғы қажағандай қылқиып, жүні түсіп қалыпты. Екі көзі жәудіреп отырған бейшараға жанымыз ашыды. Қасындағысы сап-сау. Сау отырғаны аталығы екен. Біз жанына таяған сайын аталығының тынышы кетіп, азап көрген аналығына айбар шегеді. Сөйтсек, аталық лори сыңарын келген елден қызғанып мойын жүнін жұлып тастайды екен. Молукк аралынан әкелінген бұл «махаббатшыл» құс жарық дүниеде 15-20 жыл ғұмыр кешеді. Ал шуақты аратинга деген жұп құс та бірін-бірі ерекше «сүйеді». Бірақ лоридай қызғаншақ емес, қайта бір-бірінің арқасын қасып беретін кемпір мен шал секілді, бірінің қауырсын бірі тарап береді екен. Міне, құстардың арасында да осындай махаббат бар болып шықты.

Тропикалық құстардың көрмесі Өскеменде өтіп жатыр

Ал мұнда әкелінген құстардың ішінде ең ұзақ ғұмыр сүретіні – көгілдір маңдайлы амазон. Ол 80-90 жыл жасайды. Өз иесіне немесе отбасындағыларға тез бауыр басатын амазон иесінің отбасын басқа құстардан жанын сала қорғайтын қасиеті бар көрінеді. Бірақ, бір кем дүниесі - жемістер өсетін бау-бақшаға қырғидай тиеді . Өйткені негізгі қорегі пальма ағашының жемістері.

Бұл көрмедегі ең ақылды құс – жако сұр тотықұсы. Жако ақылдылығымен Гиннестің рекордтар кітабына еніпті. Дауысы ер адамдардың күлкісіне ұқсайды. Тіпті 15-ке дейін жаңылмай санап бере алады екен. Бірнеше ауыз сөзді де іркілмей айта алады. Ең көп сөйлейтін кезі таңертеңгі уақыт. Осы мұражайдың ғылыми қызыметкері Бақыт Сабырбаеваның айтуынша, жако таңертең маңындағы барлық құстардың атын атап, оятады. Бір қызығы, жаконың тілі де орыс тілінде шығыпты.

Тропикалық құстардың көрмесі Өскеменде өтіп жатыр

Айтпақшы, қалың құстың ішінде бір маймыл бар. Ол жалғыздығына қарамай көрерменнің көбін өз маңына жинапты. Небары бір жастағы аққолды гибон сүйкімді қылығымен жиналғандарды сүйсіндіруде. Қытайдан әкелінген маймылдың бұл түрі 25 жыл ғұмыр сүреді екен. Ал ең қызықты қылығы, ол ең әуелі ойнағысы келген адамның түріне қарап алады. Егер өзі ұнатпаса ол ешқашан оны серік етіп ойнамайтын болып шықты.

Бұл осындағы көрмеге қойылған құстардың бірнешеуінің ғана кейбір қызықты мәліметтері. Ал зер салған адамға әр құстың әр тал қауырсынының өзінде бір мақалаға жүк боларлық сыр, әдемілік жатыр. Бір-бірімен үндесе шыққан бұлбұлдар үнін айтсаңшы?!
Әсемдіктің, әдеміліктің куәсі - тотылар тәкаппарлана таранып отыр...

Мұратхан Кенжехан
суреттерді түсірген Ғылымбек Сәбитов
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив