Өскеменде Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің ұйымдастыруымен, қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен колледждер оқушылары командалары арасында волейболдан Көкжарлы көкжал Барақ батырдың 311 жылдығына арналған дәстүрлі облыстық турнир өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
– Турнирге алты команда қатысты. Бұл жарыс негізінен балалар мен жасөспірім-дер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, Петропавл қаласында болатын мектеп және колледж оқушыларының республикалық чемпионатына қатысатын ойыншыларды іріктеп, біздің облыстың командасын жасақтау мақсатында өтті, – дейді Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің бөлім меңгерушісі Болатбек Дауымов.
Төрт күнге созылған жарыс қорытындысында бірінші орынды 1996 жылы туған волейболшылардан жасақталған облыс құрамасы жеңіп алса, Өскемен политехникалық колледжінің командасы екінші орынды еншіледі. Үшінші орынға облысымыздың 1998 жылы туған волейболшылар құрама командасы ие болды. Төрешілер алқасының ұйғаруымен Cейіт Молдабаев, Бекжан Құмашев, Тимур Жұмажанов, Максим Каплунов турнирдің ең үздік ойыншылары атанды. Облыстың екі құрама командасын бұл жарысқа Нұрлан Әскетаев, Болатбек Дауымов, Сымбат Бекбосынов секілді жаттықтырушылар баулып, даярлады.
Әлімжан Қадылбекұлы