Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингте «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев журналистерге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның жұмысына қатысты Мемлекет басшысының берген тапсырмаларының орындалу барысы жайында баяндады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Естеріңізде болса, Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет тарапынан үйге мұқтаж азаматтарға берілетін баспаналарды өз туысқандарының арасында бөліске салған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның басшылығының атына сын айтқан болатын. Қуандық Бишімбаев Елбасы тарапынан айтылған сынның өте әділ болғандығын атап, енді Үкіметтің келісімімен «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілетінін жеткізді. Нақтырақ айтсақ, бағдарламаға әлеуетті қатысушылардың тұрғын үй жағдайы тексеріледі. Сондай-ақ, өз күшімен баспана сатып алуға шамасы жететін, табыс деңгейі жоғары адамдардың бағдарламаға қатысуына шектеу қою жайы да жоспарға енгізілуде. Сонымен қатар, банк жетекшілері мен оның барлық отбасы мүшелеріне «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына қатысуға тыйым салынбақ. Бұл бірінші кезекте банктің басшылығына, директорлар кеңесіне, аймақтардағы филиалдар директорларына және банктің басқарушы директорларына қатысты болмақ.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының мәлімдеуінше, енді банктің жұмысын жақсарту үшін оның барлық қызметі жариялы түрде жүргізілетін болады.
– Қазір пәтерлерді заңсыз алған банк басшылары мен олардың туыстарынан екі апта мерзім ішінде қайтарып алу, олармен келтірілген шығындарды қайтару үдерісі жүргізілуде. Олар өз еріктерімен кесімді мерзімде баспаналарды қайтармаған жағдайда, тиісті заңнамалық тәртіппен құқық қорғау органдары арқылы алынатын болады, – деді Қуандық Бишімбаев.
Брифингте «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаеваның өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, банктің жаңа басшысы Айбатыр Жұмағұлов жиналғандарға таныстырылды. Ол бұған дейін «Бәйтерек» холдингінде басқарушы директор қызметін атқарған.
Мәлімет көзі:Altaynews.kz